Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында мерзімді әскери қызметтің маңыздылығын атап өтіп, оны заманауи талаптарға бейімдеу қажеттігін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, әскер – мемлекеттіліктің беріктігі мен тәуелсіздіктің басты кепілі. Жастарды мерзімді әскери қызметке шақыру қорғаныс әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың бойына тәртіп, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады. Алайда соңғы жылдары әскерге шақыру науқаны барысында кейбір қиындықтар байқалып, ата-аналар тарапынан алаңдаушылық туындап отырғаны айтылды.
Ардақ Назаров халықаралық тәжірибеге тоқталып, бірқатар мысал келтірді. Мәселен, Оңтүстік Кореяда әскери борышын өтеген азаматтар еңбек нарығында басымдыққа ие болса, Финляндия мен Норвегияда әскерде тек жауынгерлік дайындық емес, IT, медицина, инженерия секілді салаларда дағдылар беріледі. Түркияда әскерден кейін жастар мемлекеттік қызмет пен білім саласында жеңілдіктерге, әлеуметтік қолдауға ие болады.
Осыған орай депутат қазақстандық әскерде де жастардың білімін және кәсіби қабілетін ескере отырып, оларды тек әскери дайындықтан емес, заманауи салаларға – киберқауіпсіздік, байланыс, логистика, медицинаға бейімдеуді ұсынды. Сондай-ақ, әскерден кейінгі әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейту – жұмысқа орналасу, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін беру маңызды екенін атап өтті.
Ардақ Назаров әскерге шақыру процесіндегі ашықтық пен әділдікті арттыру үшін цифрландыруды күшейту қажеттігін де айтты. Оның пікірінше, электрондық кезек жүйесін енгізу қоғамның сенімін нығайтады.
Депутат Үкіметке үш сұрақ қойды:
1. Қазақстанда мерзімді әскери қызметті халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жаңғырту үшін қандай қадамдар жасалуда?
2. Әскерден оралған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр ма?
3. Әскерге шақыру процесінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін цифрландыруды енгізу жоспарда бар ма?