Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азық-түлік себеттері ардагерлер мен аз қамтылған отбасыларға берілді. Іс-шара Волонтер жылы және #bizbirgemiz акциясы аясында өтті, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Себетке қажет өнімдер салынған: май, жарма, қант және т.б. Отбасылар ұйымдастырушыларға көңілі мен қамқорлығы үшін алғыстарын білдірді.
Акция аясында ардагерлерге, жалғыз басты көп балалы аналарға және мұқтаж жандарға көмек көрсетілді. Бұл азаматтардың тізімін әкімдік ұсынды. «Магнум» сауда орталығының тікелей қолдауымен 10 отбасыға көмек көрсетілді, – деді «Жас Сарбаз» қозғалысы РҚБ елордалық филиалының төрағасы Асхат Наушыбек.Айта кетейік, акция Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Астана жастары» КММ, ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының және «Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының қолдауымен өтті.
Біз халықтың әл-ауқатын қолдау мақсатында басқа да іс-шараларға қатысамыз. ҰОС, Ауған соғысы ардагерлеріне, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға, көп балалы отбасыларға азық-түлік себеттерін таратуға жұмылдырылды. Сондай-ақ, еріктілер жалғыз басты қарт адамдардың үйлеріне барады, үй шаруашылығына көмектеседі, қыс мезгілінде аулаларды қардан тазартады және т.б. Мобильді топтармен бірге саябақтарға, сауда-ойын-сауық орталықтарына барамыз, адамдарға маскалар мен антисептиктер таратамыз, - деп атап өтті Асхат Наушыбек.Сондай-ақ, іс-шаралардың бір бөлігі онлайн форматта өтеді. Атап айтқанда, жастар үшін «ерлік сабақтары» мен спорттық жарыстар өткізіледі.