Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ҚХР төарағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізіп, оның нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз төраға Си Цзиньпин мырзамен аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Бұл бағыттағы ұстанымдарымыздың ұқсас екеніне назар аудардық. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайту қажеттігін атап өттік, - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев екі елдің серіктестігі БҰҰ, ШЫҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар біз Орталық Азия-Қытай диалогын одан әрі дамытуға келістік. Әлемдегі дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, геосаяси жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ. Мен бүгінгі келіссөз нәтижелерін жоғары бағалаймын, - деп айтты ол.
Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қашан да жоғары екеніне назар аударды.
Осылайша біз екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам бастық. “Алтын 30 жылдық” аясында биік мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Жасалған әрбір келісім екі елдің тұрақты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз етіп, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада.
Еске сала кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин келіссөздер жүргізді.