Жапондық домбырашы Акира Такегучи дәулескер күйші Секен Тұрысбековпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
24 kz арнасының мәліметінше, ол нағыз күйшімен жүздесу үшін сонау күншығыс елінен Алматыға арнайы келген. Жапон жігіті Қазақстанның мәдениетін жетік білгісі келеді.
Маған қазақтың қара домбырасының құлағында ойнау аздық етеді. Енді қазақ тілін үйренемін. Домбыраны алғаш естігенде, үні баурап алды,-дейді.
8 жылдан бері оның жан серігі қазақтың қара домбырасы. Секен ағаны да сырттай таниды. Арманы кәсіби күйшімен кездесу болған. Оның домбыра шерту техникасын ғаламтордан қарап, әбден зерделеген. Бірақ көзбе-көз жүздесіп сабақ алғысы келген.
Секен Тұрысбеков жапондық домбырашыны "Ақ жауын" мемлекеттiк камералық оркестрiмен таныстырды. Оркестр алыстан ат арылтып келген жапон жігітіне бірнеше шығарма орындап берді. Секен Тұрысбековтің өзі де күншығыс елінде талай мәрте өнер көрсеткен. Концерт кезінде «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауынды» бірнеше рет қайталап тартқан кезі болған.
Күй аударманы қажет етпейді ғой. Оған көкірек көз, құлақтың саңылауы керек. Сондықтан бұл кісілердің жаңағыдай қазақтың үніне, бояуына, қоңырлығына құштар боп жүргені әрине қуантады. Жапон жігіті домбыраны алғаш рет Түркияға барғанда көрген екен. Кейін сонда 4 жылдай тұрып, студент қазақ жігітінен домбыра шертуді үйренген. Қазір репертуарында «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» сияқты 20- дан астам күй бар, - дейді күйші-композитор Секен Тұрысбеков.
Жапондық домбырашы Акира Такегучи өзіне Қазақстан ұнайтынын айтады.
Қазір Алматыда тұрып жатырмын. Салт-дәстүрін, мәдениетін жақсы білуі үшін қазақ тілін үйренгім келеді. Ал Секен Тұрысбеков кәсіби музыкант. Менің репертуарымда бірнеше күйі бар. Мен де музыкантпын. Аспаптарды ырғағын, даусын жақсы ажыратам. Бұған дейін скрипкада түрік музыкасын орындағам. Бірақ домбыраның сиқырлы үні бәрінен асып түсті. Екі ішектің құдіреті шексіз. Тіпті Жапонияда бір музыкалық байқауда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап жеңімпаз атандым. Әзірге Алматыда боламын. Домбыраға қатысты білмегенімді Секен Тұрысбековтан сұрап тұруға келістім, - дейді Акира Такегучи.