Тараз, BAQ.KZ. Кәмелетке толмағандар арасында екі күнде 85 құқық бұзушылық анықталды. Бұл жөнінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында 2019 жылғы 2-3 наурыз аралығында Тараз қаласы Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция бөлімінің және облыстың қалалық, аудандық полиция бөлімдерінің мобильді топтары көңіл көтеру орындарын, яғни, кафе-барлар, бильярд, компьютер клубтары және басқа да қоғамдық демалыс орындарын тексерді. Екі күн ішінде 85 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды», - деп жазылған хабарламада.
Оның ішінде ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлігі, яғни, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуы бойынша 51 факті тіркелген.
«Рейдтік іс-шаралар барысында мас күйдегі кәмелетке толмаған азамат ұсталды. Сондай-ақ Тараз қаласының дүкендерінің бірінде алкоголь өнімдерін сату бойынша ҚР заңнамасының талаптарын бұзу фактісі анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған бағытта жұмыстар жалғасуда», - деді баспасөз қызметінде.