Аралды құтқару қоры басқармасының бірінші отырысы өтті

Бүгiн, 13:40
173
Бөлісу:
Аралды құтқару қоры басқармасының бірінші отырысы өтті
Фото: @QR_Su_resurstari_ministrligi

Астанада Қазақстанның төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ХАҚҚ Атқару комитетінің төрағасы Асхат Оразбай, Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода, Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Тангрыкули Атахаллыев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев қатысты.

Қырғызстаннан бақылаушы ретінде Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев қатысты.

Тараптар екі ауқымды жобаны іске асыру барысын талқылады. Алғашқысы - Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы, оның шеңберінде өңірде 35 жоба іске асырылып жатыр. Екіншісі - «жасыл» экономика қағидаттарын дамытуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған Орталық Азиядағы орнықты даму үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарлама.

Отырыстың күн тәртібінде қаралған тағы бір тақырып - ХАҚҚ-ның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының жұмысы болды. Қордың Атқару комитетінің төрағасы Асхат Оразбай осы айдың басында Астанада өткен жұмыс тобының 12-ші отырысының қорытындысы туралы айтып берді. Жұмыс тобының қызметі шеңберінде қазақстандық тарап су-энергетикалық ынтымақтастықты дамыту жөнінде бастама жасады.

Бұл Сырдария мен Амудария өзендерінің бассейндеріндегі мемлекеттердің су мүдделерін ғана емес, энергетикалық мүдделерін де ескеруге, су мен электр энергиясын пайдалану мәселелерін кешенді шешуге мүмкіндік береді. Сушылар мен энергетиктердің тікелей өзара іс–қимылы аномальды климаттық жағдай кезінде, мәселен, су тасқыны мен құрғақшылықта келісілген шешім қабылдауға көмектеседі, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар Дүниежүзілік банкпен бірлескен Орталық Азиядағы гидрометеорологиялық қызмет көрсетуді жаңғырту жобасын іске асыру қорытындысын және Қазақстан мен Франция бірлесіп өткізетін «Бірыңғай су» саммитіне ХАҚҚ Атқару комитетінің қатысуын талқылады.

Талқылау қорытындысы бойынша ХАҚҚ басқарма отырысының шешімдеріне қол қою рәсімі өтті.

Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстанның 2024-2026 жылдары ХАҚҚ төрағалық ету кезеңіне арналған Атқару комитетінің жұмыс жоспарын бекітті. Құжат құрылтайшы мемлекеттердің басшылары мен ХАҚҚ Президентінің тапсырмаларын іске асыру, Қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру және т.б. мәселелер бойынша 10 бағыттан және 40-тан астам іс-шарадан тұрады.

Өзгелердің жаңалығы