Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы төрағасы Азаматхан Әміртаев бұл туралы «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде өтіп жатқан саяси партиялардың пікірсайысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Себебі «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев Аралға құятын күретамыр Сырдария өзені екенін айтып, оның алабында тұратын 4 миллионнан астам халық барын, өзеннің ауыл шаруашылығында, ел экономикасында маңызы зор екенін атап, «Байтақ» партиясы Арал мәселесін, Сыр суының жыл санап азаюын қалай шешетіні жөнінде сұрады.
«Байтақ» жасылдар партиясының ең басты тақырыбының бірі – Арал теңізі. Біз бүгін Аралдан айрылу алдында тұрмыз. Мысалы, қазір Шардара су қоймасы толып кетті. Су тасқыны болатын болса, үйлердің бәрін алып кетеді. Не үшін сол толып тұрған суды жинап, су қоймаларын салып, Аралға жібермейміз? Неге Аралдың суын толтырмаймыз? – деді партия төрағасы.
Сондай-ақ ол су Кіші Аралдағы Көкарал платинасының тесігінен Өзбекстан жаққа кетіп жатқанын да айтты.
Біз сол суды өзіміздің кіші Аралда ұстап қалу үшін платинаны орнына келтіруіміз керек. Бұл мәселені біз көтеріп жатырмыз. Сонымен қатар, Өзбекстанның жасылдар партиясымен кездесіп, Сырдария суын үнемдеу, Арал мәселесін шешу туралы келісімге келдік. Сайлау науқаны өткеннен кейін бірден сол мәселеге кірісеміз. Өйткені біздің қолдаушыларымыздың көбі – Арал халқы, – деді Әміртаев.