Арал ауданындағы Қамбаш тынығу лагерінде «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы аясында секциялық отырыстар өтті. Оған Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген волонтерлер қатысты.
Қоғамдық даму басқармасының мәліметінше, іс-шараның негізгі мақсаты – халықаралық волонтерлік ынтымақтастықты нығайту, қатысушылар арасында тәжірибе алмасуды дамыту және әлеуметтік-экологиялық бағыттағы жаңа бастамаларды қолдау.
Секциялық отырыстар барысында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, волонтерлік қозғалысты дамыту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоршаған ортаны қорғау және қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Әр топ өз бағыттары бойынша тың идеялар мен ұсыныстарын ортаға салып, оларды іс жүзінде жүзеге асырудың тиімді жолдарын қарастырды. Сонымен қатар өңірлерде жүзеге асырылып жатқан волонтерлік бастамалар туралы тәжірибе алмасып, халықаралық әріптестікті кеңейту және бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Экологиялық волонтерлікке ерекше назар аударылды. Қатысушылар Арал өңірінің табиғи ортасын қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастарды қоғамдық маңызы бар істерге тарту мәселелерін қарастырды.
Талқылау барысында айтылған ұсыныстар волонтерлік қызметтің жаңа бағыттарын айқындауға, экологиялық бастамаларды дамытуға және қатысушылар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға негіз болды.
Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан өкілдерінің бір алаңда бас қосуы халықаралық тәжірибе алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды талқылауға, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.