Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бір ғасыр бұрын Ресейдің Повольже жағалауындағы қалжыраған халыққа вагон-вагон балық жіберіп, орыс жұртын аштықтын аман алып қалған Арал халқының ерлігіне биыл 100 жыл толып отыр.
Бабалары кезінде өнегелі іс көрсеткен аралдықтардың өзіне қазір шұғыл көмек қажет. Биыл орын алған қуаңшылықтың салдарынан ауданда төтенше жағдай жарияланып, қазіргі таңда аудандағы мал шаруашылығымен айналысып отырған халыққа көмек көрсетілуде. Осы орайда Арал ауданының әкімі Сермағамбетов Серік Сағитжанұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Серік Сағитжанұлы, жуырда ғана Аралға әкім болғаныңызбен, дәл қазіргі сәтте аудан жайында айтарыңыз көп шығар. Әңгімеміздің басын мал-жанның амандығынан бастасақ.
- Бүгінде бейбіт аспан астындағы қазақ елін әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайтыны сөзсіз. Татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың 30 жылда бағындырған белестері, толағай табыстары орасан зор. Соның ішінде, тарихы тереңде жатқан киелі өңір Арал ауданы да жыл санап өсіп, өркендеп, Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алды.
Биыл осы қастерлі мерекемен қатар ауданымыздың тарихи жылнамасында ерекше орны бар оқиға – Ресейдің Повольже жағалауындағы қалжыраған халыққа қайрымдылық көмек ретінде 14 вагон балық жөнелткен бабалардың қайырымды ісіне 100 жыл толып отыр. Туған жер перзенттері осындай өнегелі ісімен одақтас 15 мемлекетке үлгі болды. Осы ретте біз қабат келген Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Тарихи хатқа 100 жыл толған даталы күндерді өз деңгейінде өткеруге лайықты көңіл бөлеміз. Десе де елдегі дәл қазіргі жағдайды бақылауда ұстап, өтпелі қиындықтардан бірге шығу межесі күн тәртібімізден түспейді.
Өмірі малмен өзектес халқымыз үшін қашанда ата кәсіптің орны бөлек. «Мал-жаның аман ба?» демекші, тіршілігін төрт-түлік малға байлаған ауданымыз үшін биылғы жылғы орын алған қуаңшылық мәселесі өзекті болып отыр.
Осы ретте өңірімізде қалыптасқан күрделі ахуалды тұрақтандыру мақсатында алғашқы жұмысымды аудандағы негізгі мәселелермен танысуға арнап, шұғыл шаралар қабылдау, жүйелі жұмыстарды үйлестіруге бағыттадық.
Соған сәйкес төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның шұғыл 31 мамырда отырысы өткізілді. Жүргізілген жұмыстар мен зерттеу нәтижелері бойынша аудан аумағында төтенше жағдайларды жариялауға толық негіз бар екендігі дәлелденіп, нәтижесінде 23 маусымда төтенше жағдай енгізу жөнінде шешім қабылданып, ҚР Әділет министрлігінен тіркеуден өтіп, 12 шілдеден бастап Арал ауданының аумағына төтенше жағдай жарияланды. Негізі мақсат, елдің назарын осы жағдайға аудару арқылы қиындықтан бірлесіп өтудің тиімді тетіктерін қалыптастыру.
Бүгінде аудан аумағында шем-шөп жетіспеушілігі байқалған ауылдарға жан-жақтан қолдау көрсетіліп жатыр. Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызының тапсырмасына сәйкес жан-жақты көмектің алғашқы легі келе бастады. Бұдан бөлек өзара келісім негізінде еліміздегі ірі кәсіпкер, қоғам қайраткері, жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қорынан 213 млн қаржы бөлінді. Аталған қаржы зардап шеккен халықтың алғашқы қажеттіліктерін өтеуге бағытталады.
Сондай-ақ, қазіргі төтeншe жaғдaй кeзeңiндe атқарылатын шаралар барысында Cыpдapия бoйындaғы бipқaтap кaнaлдapды тaзaлay, Acпaй cyaғытқыcын icкe қocy, Бұpмaқұлaқ арнасын бөгеу, су тоспаларын салу, елді мекендердің территорияларынан су ұңғымасын іске қосу және ең бастысы шөп бағасын тұрақтандыру мақсатында шаруа қожалықтарының тасымалға кететін шығындарын яғни, жанар-жағармайын өтеу қолға алынатын болады. Бұл шаралар републикалық, облыстық және аудандық бюджеттен қаржыландырылады деп күтілуде.
Жалпы, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша индикативті көрсеткіштердің және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында 3,4 миллиард теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,7 пайызға артығымен орындалды.
Ауданымызда тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Қазіргі таңда аудандағы мал басының өсімі 1991 жылмен салыстырмалы түрде үш есеге өскен. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара малы 1991 жылдың қаңтарында 18 614 бас болса, 2021 жылдың 1 шілдесіне 49 373 басқа, жылқы малы 12 305 бастан 34 556 басқа, түйе малы 9517 бастан 27 750 басқа артқан. Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдары уақ мал, яғни, қой мен ешкі 90500 бас болса, қазіргі таңда 94 143 басты құрайды. Биылғы жылдың 1 шілдедегі статистикалық мәлімет бойынша барлығы 205 822 төрт түлік мал басы тіркелген.
Биылғы жарты жылдықта аудандағы барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында есепке алынған малдарды өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 104,9 пайызға, қой мен ешкі 106,3 пайызға, жылқы 107 пайызға, түйе 105,9 пайызға және құс 125 пайызға артқан.
- Малдың жайын, оған көрсетіліп жатқан көмек туралы білдік. Енді ауданда коронавируспен күрес, жалпы денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.
Аудан аумағындағы қуаңшылық салдарын еңсерумен қатар өмірмен күресте салғырттықты көтермейтін тажал індеттің де екпіні қайтпай тұр. Тіпті жағдай біз ойлағаннан да ушығу үстінде. Қазірдің өзінде аудандағы жағдай күрт нашарлап, дертке шалдыққан науқастар саны 300-ге жуықтады. Өкініштісі сол науқастардың 1-еуі дерт салдарынан қайтыс болды, тағы 4 науқасымыз жансақтау бөлімінде. Аудандағы провизорлық стационарда - 53 науқас ем алуда. Үй карантинінде - 44 адам болса, емделіп шыққандар саны - 188 адам.
Бүгінгі күнге дайындық төсек орны бойынша жұқпалы аурулар бөлімшесінен – 25 орын, жүйке аурулары бөлімшесінен – 100 орын дайын тұр. Қосымша А.Байтұрсынов ауылдық емханасынан – 120 орындық карантиндік стационар ашуға мүмкіндігіміз бар.
Біз қай кезде болмасын басымызға тимесе бүкіл жаманат бізді айналып өтетіндей күйде жүретін халықпыз. Әрине мұндай жағдайда бәрі де кеш болуы мүмкін. Осы бір кеселмен күресте өмірімізге араша бола алатын вакцина салдыру екенін жұрт енді түсіне бастағандай. Қазіргі таңда аудан бойынша екпе салдырған азаматтардың саны 16 мыңнан асып, 44,8 % құрап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса беретін болады.
Денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда орталық аурухана, аудандық емхана, 3 ауылдық емхана, 11 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік- акушерлік пункт, 36 медициналық пункт бар. Аудан халқына қазіргі таңда 143 дәрігер мен 687 орта буынды медицина мамандары қызмет көрсетеді.
Есепті кезеңде ауданда 997 бала туылып, туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 0,5 промиллге жоғарылап отыр.
Туберкулез ауруымен алғаш рет ауырғандар және алғашқы рет тіркелген қатерлі ісік аурулар саны өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Яғни, биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша 17 адам тіркелсе, өткен жылдың 1 маусымына 28 адам тіркелген.
Аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында ағымдағы жылы республикалық бюждеттен құны 270 миллион теңгені құрайтын компьютерлік томография және 140 миллионн теңгені құрайтын жылжымалы медициналық кешен алуға тапсырыс берілген.
- Арал десе, балық шаруашылығының ойға оралары белгілі. Еуропаның бірнеше еліне балық өнімі экспортталып та жатыр. Жалпы осы сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.
- Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап тура бір жыл ішінде ауданда 7094 тонна бaлық ayлay лимитi бекітілген болатын. Атап айтар болсақ, Кіші Аралдан 6872 тонна, Қамыстыбастан 140 тоннадан астам, Ақшaтay көлдерінен 43 тонна және Примор көлдерінен 37 тонна балық аулауға рұқсат берілді.
Биыл жыл басынан бері ауланған балықтың көлемі 6455 тонна болса, өңделген балықтың мөлшері 1040 тоннаны құрады.
Бүгінде ауданда 9 балық өңдеу зауыты жұмыс жасап тұр. Бұл зауыттардың бір жылдық қуаты 23 900 мын тоннаны құрайды. Атап өту қажет, ауданда еврокод белгісі бар 2 зауыт Еуропа елдеріне өз өнімдерін экспорттауда. Олар «Apaл бaлық өңдey зayыты» жәнe «Apaл cepвиcтiк дaйындay opтaлығы» кәсіпорындары. Жыл басынан бері 1517 тонна балық өнімдері Ресей, Польша, Литва, Нидерланды, Грузия елдеріне экспортталды.
- Теңіз төскейіндегі құрылыстың қарқыны қалай? Ауданда қандай өзгерістер бар?
- Өткен жылдың алғашқы жарты жылдығында ауданда 11 962 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген. Биылғы 6 айда 24 799 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, баспана салу, оны пайдалануға беру көрсеткіші 9,8 пайызға артты.
Құрылыс саласында 3,1 миллиард теңгені құрайтын жобалар іске асырылуда. Оның ішінде, қуаты жылына 300 мың тонна «Арал Сода» зауытына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, газбен жабдықтау және электрмен жабдықтау, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға Арал қаласынан 1 қабатты 2 пәтерлі 18 тұрғын үйдің құрылысы, барлығы 36 тұрғын үй, қаладан 12 жаттығу және стритбол алаңының құрылыс жұмыстары және өтпелі жоба ретінде 2020-2021 жылдарға жоспарланған Жақсықылыш кентінен «Спорттық сауықтыру кешені» құрылысының жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Қамыстыбас, Аманөткел елді мекендерінен денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлері анықталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде. Осы орайда айта кету керек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін конкурсқа шығарып жерге орналастыру жобаларын дайындау үшін аудандық бюджеттен 4,3 млн. теңге бөлініп, аудан бойынша 2020 жылы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін айналымға қосымша 43 860 гектар аумақ алынды.
- Қазіргі таңда қымбатшылық екі бүйірден қысып тұр. Ал бұл мәселе ауыл халқы үшін тіпті қиын. Осы орайда ауданда бағаны тұрақтандыру бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?
- Бағаны тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің шекті бағасын қалыптастыру негізінде 25 дүкен жұмыс істеп тұр. Бұл дүкендерде 19 негізгі азық-түліктің бағасы тұрақтандырылған. Аудандағы кәсіпкерлер азық-түлікті көршілес облыстардан тасып, халықтың сұранысына толықтай жұмыс жасауда. Атап айтар болсақ, Ақтөбе, Қостанай, Түркістан облыстарынан азық-түлік тауарлары әкелінуде.
Жыл сайын аудандағы азық-түлік тауарларын жеткізетін кәсіпкерлермен ынтымақтастық меморандумға отырып, келісім жасалады. Биыл да осы шара өз жалғасын тапты. Қажетті азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында 10 кәсіпкермен келісімге келдік.
Сондай-ақ жыл басынан 11 рет ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға қолжетімді бағада сауда жасауға мүмкіндік жасалды.
- Ауданға инвестиция тарту мәселесі қалай?
- Жыл басынан бері ауданға 3,2 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,0 % өскен.
Несиені қоса алғанда, аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 20,7 миллиард теңгені құрады. Өздеріңізге мәлім, төртінші деңгейлі бюджеттің енуіне байланысты 24 дербес бюджеті бар қала мен кент және ауылдық округтердің бюджеті 1,3 миллиард теңгені құрады.
- Аудандағы халықтың қанша пайызы жұмыспен қамтылған? Жалпы жұмыссыздық деңгейі туралы айтсаңыз.
- Қазіргі таңда аудандағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды. Жыл басынан бері аудандағы 1818 тұрғын жұмыс іздеуші ретінде хабарласып, қазіргі күні оның 416-ы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Осыған дейін ауданда 6 бос жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар жаңадан 1630 бос жұмыс орындары ашылды.
Сондай-ақ ауданда мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, өз-өзін жұмыспен қамтушыларда көбейіп келеді. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты негізінде 125 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланған болатын. Нәтижесінде 7 адам оқуға жолдама алды. Сонымен қатар бағдарламаның екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту негізінде «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 300 адамды оқыту жоспарланса, нәтижесінде 228 адам оқуға жолдама алды.
Кәсіпкерлікті дамыту негізінде жаңа бизнес идеяларды қолдауға мемлекет тарапынан гранттар бөлінді. Ауданда грантқа 350 адам ие болып, оларға 204 190 мың теңге қаржы бөлінді. Сондай - 130 адамға 75 842 мың теңге қаржылай қолдау білдірілді.
Кәсібін ұлғайтуға ниет білдірген 41 кәсіпкерге 161 872,5 мың теңге несие берілді.
Ал, атаулы әлеуметтік көмек бойынша өтініш білдірушілер өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға азайып отыр. Бұл дегеніміз, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың артуына байланысты деуге болады.
Ауданда атаулы әлеуметтік көмек өткен жылдың 6 айында 559 отбасына тағайындалса, биыл алғашқы жартыжылдықта 514 отбасына тағайындалды. Осылайша көмек алушылардың саны 45 адамға азайған.
- Сұхбатыңызға рақмет!