Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды маңындағы Солтүстік-Шығыс айналма жолдың құрылысы аяқталуға жақын қалды. Бұл туралы жол құрылысшылары облыс әкімі Ерлан Қошановқа жөндеу жұмыстарын тексеру барысында айтты. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Солтүстік-Шығыс айналма жолдың жалпы ұзындығы 48,4 шақырымды құрайды. Жаңа жолдың пайда болуымен қаланы транзиттік автомобильдер мен үлкен жүк көліктерінен босатуға мүмкіндік пайда болады. Мамандардың есептеуінше, мұндай көліктің саны тәулігіне 22 мыңға дейін жетуі мүмкін.
«Бұл жол – стратегиялық маңызды нысан. Қаланың 85 жылдық тарихында айналма жол пайда болады. Жаңа жол көліктік жүктемеге де, экологияға да оң әсер етеді, бұл өте маңызды», - деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Мердігерлер – «СинеМидасСтрой» түрік компаниясы және «Рязанов А. атындағы Көпір құрылыс отряды ЖШС» Алматы фирмасы. Қазір трассада белсенді құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысшылар алдында осы жылдың соңына дейін жаңа тас жолды толық ашу міндеті тұр.
«Қазір біз жолдың бойында жабынның жоғарғы қабатын жасаудамыз. Сондай-ақ әуежайға апаратын жол қиылысында эстакада салынады. Барлық жұмыстар кесте бойынша жүріп жатыр. Жол айрығы 60-70%-ға орындалды, тек жол төсемін орнату жұмыстары ғана қалды», - деді «Қазавтожол» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Айдос.
Жоба бойынша трассада жеті көлік айрығы қарастырылған. Қарағандыдан Алматыға, Нұр-Сұлтан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына бағыттар бойынша. Жол төсемінің жалпы қалыңдығы шамамен 80 сантиметрді құрайды. Төменгі қабаттар битум қосылған бетоннан және қиыршықтастан тұрады. Жоғарғы қабаты - биіктігі бес сантиметр ірі түйіршікті және қиыршық-мастикалық асфальттан жасалған.
Мұндай жол төсеміне мердігерлер үш жыл кепілдік береді.
Жалпы, бүгінгі күні өңірде жолдардың 80% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 2020 жылға қарай 90% жолдар қажетті сапаға сәйкес келтіріледі. Облыс бойынша ауқымды жол-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тек осы жылы мыңдаған шақырымды ретке келтіру жоспарда бар. Жөндеу жұмыстары тек қалалардағы орталық көшелерде ғана өткізіліп қоймай, сонымен қатар өткен жылдан бастап аудан орталықтары мен кенттердің ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары да басталды.