Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының тұрғындары интернет арқылы сауда-саттық жасауды көптеп жүзеге асыра бастады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында айтылды.
Өткен жылмен салыстырғанда онлайн сауда көлемі 32%-ға өскен. Аймақ тұрғындары 5,8 млрд теңгенің тауарларын сатып алды. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш үш есеге – 20 млрд теңгеге дейін артады деп болжануда.
Сарапшылар мұндай қолма-қол ақшасыз төлемдерге белсенді көшу көлеңкелі сауда көлемін азайтады деп атап өтті.
Мемлекет басшысы цифрландырудың маңыздылығын, осы процестерді жеделдету қажеттігін атап өтті. Бүгін біз Қарағандыда онлайн-сауда саласында wooppay, flip.kz, shop.kz сияқты бірнеше ірі компаниялардың жұмыс істейтінін атап өткіміз келеді. Электрондық сауданың арқасында көлеңкелі экономика құрдымға кетіп барады. Бұл онымен күресудің қуатты тетіктерінің бірі. Қарағанды облысы барлық жаңашылдықтарды одан әрі белсенді енгізетін болады, – деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Мемлекет кәсіпкерлерді онлайн-сауда саласына тарту үшін түрлі шаралар қабылдауда. 2018 жылдан бастап 2023 жылға дейін елде қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың 90%-ын қабылдайтын тұлғалар үшін корпоративтік және жеке табыс салығы жойылды. Сондай-ақ ондай жеңілдік саудасын электрондық түрде рәсімдейтін және жеке жеткізу қызметі барларға да қарастырылған.
Соның нәтижесінде облыстағы POS-терминалдардың саны 2019 жылы 31,3%-ға артқан.
Бүгінде өңірде онлайн-сауданы ілгері бастыру үшін сандық сауаттылықты арттыру бойынша тегін курстар өткізілуде. 2019 жылы осындай курстарға 128 мың адам келген. 2020 жылы осы бағытта 30 мың адамды оқыту жоспарлануда. Ал 2022 жылға қарай өңірде цифрлық сауаттылықтың жалпы деңгейін 83%-ға жеткізу жоспарланып отырғандығы айтылды.