Қарағандылық дәрігерлер медсақтандыру жүйесін сынақтан өткізіп көрмек

20 Тамыз 2019, 22:23
1714
Бөлісу:
Қарағандылық дәрігерлер медсақтандыру жүйесін сынақтан өткізіп көрмек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба аясында МӘМС жүйесін сынақтан өткізіп көрмек.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МСҚ), Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының бір топ маманы Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС үйлестіру департаментінің директоры Азамат Өміртаевтың басшылығымен Қарағандыға барып қайтты. Сапардың басты мақсаты – аймақтағы денсаулық сақтау саласы мамандарын МӘМС-тің сынақ жүйесінде жұмыс істеуге үйрету болды.

Жақын күндері облыстағы медициналық ұйымдар пилоттық жоба аясында МӘМС пакетіне кіретін кейбір медициналық көмектерді ұсына бастайды және медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтардың мәртебесін сәйкестендіру бойынша ақпараттық базаны апробациялайды.

Екі күндік семинар барысында қызметкерлерге қаржылық құралдарды медициналық қызметтердің екі пакеті бойынша жеке есеп жүргізу мәселесі көрсетілді. Басты назар ақпараттық медициналық жүйелер жұмысы мен төлем жасау механизміне берілді.

Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі пилоттық режимде енгізілетін болады. Бұл қадам 2020 жылдың басынан республика көлемінде медсақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін кездесетін кедергілерді анықтап, олардың алдын алуға септігін тигізеді.

Өзгелердің жаңалығы