Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда 13 маусымда Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапхананың жыл сайын өтетін «Жазғы Оу қаласы» акциясы басталады. Шараның ашылуы 11.00-де кітапхана ғимаратының алдындағы алаңда өтеді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Бұл жерде төрт тақырыптық кітап аймағы ұйымдастырылады. Олардың әрқайсысында классикадан бастап қазіргі заманғы проза мен мерзімді басылымдарға дейінгі түрлі әдебиеттер ұсынылады. Қонақтар үшін өлкетану және кітап викторинасы, ойындар мен байқаулар өтеді.
«Оқу қаласы» жаз бойы кітапхана алдындағы алаңда сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс істейді. Көшеде қойылған кітаптарды тегін алуға болады, ол үшін оқырман билеті болуы міндетті емес. Сондай-ақ түске дейін әдеби викториналар мен зияткерлік ойындар өтеді.
Акция барысында үйден кітап алып келіп, оларды кітапханаға тапсыруға да болады. Қарағандыда «Жазғы Оқу қаласы» акциясы 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын аталмыш шара түрлі жастағы оқырмандарды тартады. Тек өткен жылдың өзінде акция барысында 800-ден астам адам кітапханаға келіп, оларға 3000-ға жуық түрлі басылымдар берілді.