Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда Пришахтинск шағын ауданында екі бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады.
Аталмыш ауданда сондай-ақ жеке мектеп жұмыс істейді. Мемлекеттік балабақша пилоттық инклюзивті алаң болды. Билік кәсіпкерлермен әріптестік шеңберінде облыс орталығының шеткей аудандарының тұрғындарын қадам аттам жерде сапалы қызметтермен қамтамасыз ету үшін сол шағын аудандарды дамытуда.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Октябрь ауданының әлеуметтік нысандарын аралады. Аймақ басшысы инфрақұрылым құру үшін тағы не істеу керектігін сұрады.
Пришахтинскінің 22-ші шағын ауданындағы ДСО кәсіпкер Владимир Нефедовтың өз қаражатына салынуда. Бизнесмен осы жерде өскен, сондықтан балалық шағы өткен шағын ауданның қазіргі жағдайы және болашағы толғандыратынын жеткізген.
- Осы жылы ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Үш қабатты спорт кешенінің ғимаратында екі бассейн бар: аквааэробика үшін 14 метрлік, жүзу үшін 25 метрлік. Күрес залын, массаж кабинетін, фитнес-залын жабдықтаймыз. Аз қамтылған отбасылардың балалары сабаққа тегін барады, - деді "Атлант Билдинг" ЖШС директоры Владимир Нефедов.
Кәсіпкер сондай-ақ спорттық бағыттағы аула клубтарын дамытуға ниетті.
- Сіздің бастамаларыңыз - "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жарқын мысалы. Біз осындай жобаларды қолдаймыз, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Облыс әкімі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Мұнда жас спортшылардың жетістіктері туралы айтылды. Тәрбиеленушілер спорттың 9 түрімен айналысады. Олардың арасында әлем чемпионаттарының қатысушылары, ұлттық құраманың мүшелері бар.
БЖСМ басшысы Асхат Ахметовтың айтуынша, Пришахтинск ауданында күрес залы жетіспейді. Жеңіс Қасымбек бұл мәселені шешуге уәде берді.
Облыс әкімі сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінде болды. Пришахтинск, Сұрыптау және Майқұдық тұрғындарына қызмет көрсететін жаңа балалар емханасын аралап өтті. Медициналық ұйым көзді тексеру және лор-операциялар жүргізу үшін заманауи жабдықтармен жабдықталған.
Жеңіс Қасымбек қандай мамандардың ең көп сұранысқа ие екендігін және МӘМС енгізгеннен кейін оң өзгерістер бар-жоғын сұрады.
- Педиатрлар мен терапевтерге жиі жүгінеді. МӘМС енгізгеннен кейін КТ және МРТ көп өткізе бастадық. Егер бұрын осындай 3-4 процедура өткізген болсақ, биылғы жылдың қаңтарында олардың саны 10 есеге артты. Медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында біздің зертхана жасайтын талдаулар тізімі кеңейді, - деп атап өтті емхана директоры Марина Матвейчук.
Облыс әкімі Мемлекеттік тапсырыс орналастырылған Bastau жеке мектебінің жұмысымен танысты. Инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері "Алмагүл" мемлекеттік балабақшасында талқыланды. Мектепке дейінгі мекемеде ерекше қажеттіліктері бар 200-ден астам бала тәрбиеленуде.
Жеңіс Қасымбек Сұрыптау шағын ауданындағы "Локомотив" спорт кешенінде болды. Оның базасында бұқаралық спорт түрлерінен БЖСМ жұмыс істейді. Жөндеу жұмыстарынан кейін футболдан республикалық жарыстар қабылдауы мүмкін. Ересектер мен балаларға арналған бассейн бар. Жазда мектеп спорт лагерін ұйымдастырады.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі Октябрь ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде тапсырма берді.