Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының Саран қаласында Yutong жолаушылар автобусын шығаратын жаңа зауыт ашылады.
Бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының базасында жұмыс істейтін кәсіпорын өз өндірісін биылғы желтоқсан айында іске қоспақ. Зауытпен бірге Саран қаласы үшін аса маңызды болып табылатын тұтас индустриялық аймақ қайта жандануда.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлағандай, инвестициялық жобаны іске асыру үшін жоба операторы "Qaztehna" ЖШС, "Сарыарқа "ӘКК" АҚ және Yutong компаниясының қатысуымен бірлескен кәсіпорын құрылды. Инвестиция көлемі 37,7 млн АҚШ долларын құрады.
Зауыт жылына шамамен 1200 бірлік автобус шығаруды жоспарлап отыр. Бұл бірінші кезеңде тозығы жеткен қоғамдық көлік паркінің жағдайына айтарлықтай әсер етуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың мәліметінше, бүгінгі таңда еліміздегі 12 мыңнан астам автобустардың тозығы жеткен, олардың 50 пайыздан астамы тіптен ескірген.
Yutong- әлемдегі ірі жолаушы техникасын жеткізушілердің бірі, ол әлемдік нарық үлесінің 15% - ын және Қытай нарығы үлесінің 37% - ын құрайды. Yutong автобустарының жылдық сатылымы 70 000 бірлікке тең, ал жаңа энергетикалық автобустардың көрсеткіштері жылына 25 000 бірлікке тең.
Саран қаласындағы зауыт жол-құрылыс және жүк техникасын шығармақ. Өнім бағыттары Қазақстанның өнеркәсіптік және тау-кен өндіруші компаниялары арасында үлкен сұранысқа жауап береді. Ең жоғарғы жүктеме кезінде зауыттың өндірістік қуаты олардың толық қажеттілігін қанағаттандыра алады. Жалпы, жылына 400 бірлік арнайы техника шығару жоспарланған, - делінген хабарламада.
Индустриялық аймақ аумағында жобаларды іске қосу отандық мамандар үшін 600 жаңа жұмыс орнын (аралас салаларды ескере отырып) құруға мүмкіндік береді.
Қарағанды зауыты Ресейге, Қырғызстанға, Иранға, Пәкістанға және басқа да елдерге өнім экспорттауды көздеп отыр.