Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұрын хабарлағандай, 5 қыркүйек күні Шет ауданы полиция бөліміне Бұрма ауылының 22 жастағы тұрғынынан танысы 3 жасар ұлын ұрлап әкеткендігі туралы хабарлама түскен.
"Іздестіру шараларына 600-ден астам полиция қызметкері, ұлттық ұлан, қызметтік иттері бар із кесуші кинологтар, еріктілер жұмылдырылды және квадрокоптер қолданылған", - деді баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері күдіктінің таныстары мен туыстарының мекенжайларын тексерген.
Іздестіру шаралары кезінде Қарағанды облысының Шет ауданында, Бұрма ауылының шетіндегі орман екпесінде полиция 3 жасар баланың мәйітін тапқан.
"Қазіргі уақытта Сопыжанов баланы ұрлап, артынша өлтіргенін мойындады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктінің айыбын дәлелдеу үшін тергеу амалдары жүріп жатыр", - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.
Видео: zakon.kz