Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды маңында орын алған апат жайында толық ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігі.
Қазіргі уақыттағы ақпаратқа сәйкес Қарағанды қаласы маңында апатқа ұшыраған МиГ-31 жойғыш ұшағын подполковник А. Құрманғалиев пен подполковник И. Гаврилконың басқарғандары белгілі болды. Олар тәжірибелі әскери ұшқыштар. А. Құрманғалиевтің жалпы ұшу уақыты – 888 сағат болса, ал И. Гаврилконікі – 1161 сағатты құрайды. Апат орнына Қазақстан Әскери-әуе күштерінің жердегі іздестіру-құтқару қызметі бірінші болып келген. Ұшқыштарға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, олар Қарағанды қаласының ауруханасына эвакуацияланды, – делінген хабарламада.Қазіргі кезде ұшқыштарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Дәрігерлер біреуінің жағдайын қанағаттанарлық, екіншісінікі орташа ауырлықта деп баға беруде.
Қорғаныс министрлігінен тағайындаған комиссия авиациялық оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Апат орнына Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы мен Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы ұшып кетті.
Айта кетейік, апатқа ұшыраған ұшақ 1991 жылы шығарылған болатын. Бұл МиГ-31 ұшағының Қазақстандағы төртінші рет апатқа ұшырауы. Бұдан бұрынғы оқиғалар 2007, 2008, 2013 жылдары орын алған болатын.