Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен тәулікте Қарағанды облысында 111 адам, оның ішінде 2 бала қар құрсауынан құтқарылды. Құтқару жұмыстарын Қарағанды, Теміртау, Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Ұлытау аудандарында жүргізді, деп хабарлады облыс әкімдігінің сайты.
Бұқар жырау ауданында 23 қаңтар таңертеңгі уақытта Құрылыс ауылы мен Үштөбе ауылы жолының 12-ші шақырымында 20 жеңіл автокөлік қар құрсауынан шығарылып, тазартылған учаскеге жеткізілді. Олардың ішінде жалпы саны 40 адам болған.Қарағанды – Аягөз - Бұғаз автожолының 43-ші шақырымында қар құрсауында тұрып қалған үш автокөліктен 5 адам құтқарылды және Ботақара кентіне жеткізілді.
24 қаңтарда сағат 02.15-те Алматы-Екатеринбург автожолының 1046-шы шақырымында қар құрсауында қалған 7 жеңіл автокөліктен 13 адам құтқарылды. Олардың барлығы Қарағандыға жеткізілді.
Қарағандыда Шахтерлер шағын ауданында құтқарушылар қар құрсауынан 5 автомобильге шығуға көмектесті. Құтқарушылар тәулік ішінде екі рет жаяу жүрген адамдарға көмектесті. Абай ауданында Қарағанды-Шахтинск-Қойбас тас жолының 7-ші шақырымында Сәрепті ауылына бара жатқан екі адамды тауып, жол бойындағы кемпингке жеткізді. Екінші жағдайда құтқарушылар Ақтау - Теміртау тас жолының 14-ші шақырымынан Теміртау қаласына жаяу бара жатқан екі ер адамды жеткізді, - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.Ауа райы медициналық қызметтердің жұмысына да әсер етті. Қар басқан жолдан өту қиын болғандықтан, жедел жәрдем бригадасы пациенттерге жете алмады. Жедел ауруханаға жатқызуды қажет ететін жеті адам Қарағанды мен Ғ. Мұстафин кентінде жедел жәрдем көлігіне дейін жеткізілді. Ал Абайда қар құрсауында шақыруға шыққан жедел жәрдем көлігінің өзі қалып қойған.
Түнде сағат 02:30-да шұғыл түрде ауруханаға жатқызуды қажет ететін әйелді құтқарушылар Осакаров ауданының Батпақты ауылынан Осакаровка ауылының орталық ауруханасына жеткізді.
Қарағанды облысының ТЖД ауа райының нашарлауына байланысты алыс жолға шығудан және жаяу жүруден бас тартуды ұсынады.