Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының активі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру жоспарын талқылады, деп хабарлады аймақ басшысының баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Ерлан Қошанов өз сөзінде алдағы қызметтің барлық бағыттарын атап өтті. Ол мемлекеттік қызметшілердің халықпен жедел байланысына, қауіпсіздікті нығайтуға баса назар аударды."Биылғы жылы біз Қарағандыда бірыңғай үйлестіру орталығын іске қосамыз. Барлық келіп түскен өтініштер талданады және олардың орындалуы қадағаланады. Бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейтін Open akimat орталық модулінің бірі болады. Бұл бізге халықтың сұраныстарына жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Аталмыш бастамамызды мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестер қолдайды деп үміттенемін. Бірақ біздің жұмысымыздың басты басымдығы адамдармен көзбе-көз кездесулер болуы тиіс, ол дегеніміз алаңдағы жұмыстар – еңбек ұжымдарына, ауылдарға, аулаларға шығу", - деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар қауіпсіздік деңгейін арттыруға цифрлық технологиялар көмектеседі, деп атап өтті ол. Облыста бес мыңға жуық сыртқы бақылау камерасы, 27 жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеу жүйесі жұмыс істейді, "Тұрғын үйлердің кіреберістері үшін бұлтты бейнебақылау" жобасы енгізілуде. Азаматтардың құқықтық тәртіп органдарымен қарым-қатынасы ыңғайлы болуы үшін полиция бөлімшелерінде фронт-кеңселер ашылуда.
Өңір басшысы инвестиция тарту жөніндегі жоспарлар туралы да хабарлады. Жақын арада жобалар пулы 2 трлн теңгеге дейін өседі. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 1,5 трлн теңгеге инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға келісім-шарттар жасалған.
Ерлан Қошанов сонымен қатар инклюзивті білім беруді дамыту жөнінде тапсырма берді. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тағы екі оңалту орталығы, 6 инклюзивті қолдау кабинеті мен түзету кабинеті ашылады.
"Биылғы жылы жалпыға міндетті білім беру қорына көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсету үшін бюджеттен 1,4 млрд.теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл сома ұлғаяды", - деді облыс әкімі
Отырыста сондай-ақ бизнесмендер, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, жұртшылық пен еріктілер сөз сөйледі.
"Менің жеке өзіме педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық және жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны күшейту туралы тапсырма ұнап отыр. Менде зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер және балалармен жұмыс істеу тәжірибем бар. Біздің орталық күрделі жағдайда қалған адамдарға кешенді қолдау көрсетеді. Өз бақылауым бойынша: зорлаушылар жиі өз істеріне өкінбейді және жақындары мен туған-туыстарын аямайды", - деді "Менің үйім" дағдарыс орталығының негізін қалаушы Светлана Гаркуша.
Актив қатысушылары медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, шағын және орта бизнесті, туризмді, ауыл шаруашылығын және облыстағы еріктілер қозғалысын дамыту мәселелерін талқылады.