Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында карантиндік шаралар күшейтілді. Қосымша шектеулер Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Абай қалаларында жеке көліктің қозғалуына қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты.
Өз көлігімен жұмысқа және кері қарай белгілі бір уақыт аралығында ғана жүруге рұқсат етіледі. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Теміртауда рұқсат етілген уақыт кезеңдері: 06.00-ден 09.30-ға дейін және 17.00-ден 21.30-ға дейін. Қарағанды, Саран, Шахтинск және Абайда: 05.00-ден 10.00-ге дейін және 17.00-ден 20.30-ға дейін, - делінген ақпаратта.
Аталған қалаларда үйден жұмысқа және кері қайтуға жол жүруді қоспағанда, жеке көліктің қозғалысы уақытша тоқтатылып, карантин аймағының периметрлері белгіленеді. Жеке көлікті рұқсат етілген қызмет түрлері бойынша ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері ғана пайдалана алады (жедел әрекет ету орталығының ақпараттық жүйесінде мәліметтер болған жағдайда).
Қаулы 2020 жылғы 21 сәуірден бастап күшіне енді.