Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұқар Жырау ауданында жастардың туристік слеті өтті. Шараға Бұқар Жырау ауданының кенттерінен, ауылдарынан, ауылдық округтерінен 10 команда қатысты. Бұл туралы қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
Слет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Аталмыш жиынды дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен Бұқар Жырау ауданының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Жарыс үш кезеңге бөлінді. Слетке қатысушылар бірнеше сайыстарда бақ таластырды. Шарт бойынша олар төрешілер алдын ала белгілеген орында лагерь ұйымдастырулары тиіс болатын. Келесі сайыс талабына сай командалар жорық жағдайында ерекше тағамдар дайындады. Сондай-ақ жарыс барысында қатысушылар Қазақстанның географиясы, фаунасы және флорасы, Қарағанды өңірінің тарихы туралы викторина сұрақтарына жауап берді.
Жарыстың екінші кезеңі туристік кедергілер жолағы болды. Қатысушылар от жағу, барлық ережелер бойынша шатырды орнату және бөлшектеу, арқандардан түйін түю, бөренелерді кесу, тауға көтерілу және эстафетаға қатысты.
Қорытынды кезең сырттай өтеді. Қазылар алқасына қатысушылар 15 тамызға дейін туристік слеттің қалай өткені туралы фоторепортаждар ұсынуы тиіс. Үздік жұмыстар аудандық газетте және әлеуметтік желілерде жарияланады.