Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ. Өңірдегі су тасқынына қатысты жағдай туралы облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев және төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев мәлімдеді.
Облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен жиында аймақтағы су тасқыны жағдайын құтқарушылар тікұшақпен бақылауда екендігі айтылды.
Олар аймақты әуеден бес рет қарап шықты. Космомониторинг көмегімен аймақта қар жамылғысының ауданы қадағаланды. Соңғы мәліметтер бойынша, ол жалпы аумақтың 10% құрайды. Қар әлі Осакаров ауданының солтүстігінде, ішінара Нұра және Бұқар жырау аудандарының жоғарғы жағында байқалған. Облыстың негізгі су қоймаларында еріген су ағыны артты. Жағдай ТЖ департаменті қызметкерлерінің бақылауында. Іске асырылып жатқан шаралардың арқасында су тасқыны кезеңі қалыпты өтіп жатыр. Бұл қарды шығару, өзеннің 18 учаскесінде мұзды жару, су қоймаларынан қадағаланатын төгінділер жүргізу, су өткізу құбырларын тазалау секілді жұмыстар. Біз теміржол және автомобиль жолдарында барлығы 4 900-ден астам құбырларды тазаладық, - деді Ибрагим Күлшімбаев.
Ол төтенше жағдай департаменті қажетті техникамен толық жабдықталғанын атап өтті. Жеке құрам гидрокостюмдермен, қорғаныш костюмдермен, маскалармен, қолғап және газқағарлармен жабдықталған.
Төтенше жағдай режиміне қарамастан, өңірде су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істеп келеді. Оған ТЖ департаментінің, облыс әкімдігінің, басқармалар мен өңірлік қызметтердің мамандары жұмылдырылғандығын айтты.
Егер қандай да бір елді мекеннің тұрғындарын көшіруге тура келсе, біз оны ТЖ режиміне қарамастан, хаттамаларға сәйкес көшіретін боламыз. Дегенмен, су басу қаупі жоқ. Су тасқыны қаупі бар 174 елдімекенді бақылауда. Облыс аудандарында біздің алты топ кезекшілік етеді, - деді департамент басшысы.