Қарағанды облысында 350 жас дәрігер баспана алады

21 Желтоқсан 2019, 02:11
6137
Бөлісу:
Қарағанды облысында 350 жас дәрігер баспана алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Келесі жылы Қазақстандық ипотекалық компаниямен қол қойылған меморандум аясында Қарағандыда 200 дәрігер баспанамен қамтамасыз етіледі. Тағы 150-ден астам ведомстволық пәтер облыстың қалалары мен аудандарында беріледі. Осылайша өңірде дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесі шешіледі деп көзделуде.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ облыстың денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік бағдарламасы бойынша жобаларды іске асыруға 11 шартқа қол қойғанын хабарлады. Келесі жылы Балқаш қаласында емхана құрылысы басталады, Теміртау мен Қарағандыда балаларға арналған оңалту орталықтары ашылады.

Ұлытау кентіндегі облыстық онкодиспансердің операциялық-реанимациялық блогының, жаңа аудандық аурухананың құрылысы жоспарлануда. Облыстық жастар денсаулық орталығы мен бірқатар ауылдық денсаулық сақтау нысаны ашылады, - деді аймақ басшысы.

Жеңіс Қасымбек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаның қорытындысына тоқталды. Ол биылғы жылдың 1 қыркүйегінде бастау алды. Осы уақыт ішінде облыста 3,7 млрд теңгеге 30 жоба жүзеге асырылды. 7 емхана қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша жылына 6 мың пациентке қызмет көрсету қабілеті бар 8 оңалту орталығы ашылды.

Жеке инвестициялардың арқасында диагностиканың жоғары дәлдіктегі әдістері қолжетімді болды. 2017 жылдың басында облыста 10 компьютерлік және магниттік-резонанстық томография кабинеті жұмыс істеді. Қазір олардың саны 26-ға жетті.

Аймақта МӘМС жұмыс істей бастағаннан кейін қымбат диагностикалық зерттеулерді тұтыну үш есе өсті, оңалту көмегіне қолжетімділік 1,5 есе, консультациялық-диагностикалық қызметтерге қолжетімділік екі есе артты. Барлық осы зерттеу пациенттер үшін тегін. Оларды міндетті медициналық сақтандыру қоры төлейді. Бұрын бұл мақсат үшін қаражат республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінетін.

Өзгелердің жаңалығы