Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қаланың халық көп жүретін сауда орындарында жұмыссыз азаматтарға жұмыс тауып беру бағытында бірнеше пункттер ашылды. Бұл жерлерде «екі қолға бір күрек» іздеп, нәпаққа табу үшін базар жағалаған жандарға кеңес беріліп, көмек көрсетіледі. Базар маңында арба сүйретіп, қап көтергендер жұмыспен қамту бөлімшесінің мамандарынан тұрақты жұмыс орындары жайлы ақпарат алып, не болмаса өз ісін қалай бастауға болатындығы жайлы біле алады.
«Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша жұмысқа орналастыру пунктін ашу жөніндегі жұмыстар жалғасын табуда. Осыдан бір апта бұрын, 10 қаңтарда «Шығыс-1» базарында қаламыздағы бірінші жұмысқа орналастыру пункті ашылды. Міне бүгін «Арай» және «Алтын Арба» базарларында жұмысқа орналастыру бөлімшелері ашылуда», - дейді «Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Нұркен Баянов.
Статистикалық мәліметтер Қарағанды қаласындағы халық саны 500 мыңнан асып жығылса, оның 22,4 пайызын жастар құрайтындығын көрсетеді. Осы жастардың 5,3 пайызы жұмыссыз. Жастардың жұмыссыздығының басты себебі – олардың арнаулы білімінің және жұмыс тәжірибесінің жоқтығында. Бітірген оқуы, мамандығы жоқ жастар еріксіз базар жағалап, қара жұмысқа да жегілетіндігі жасырын емес. Базарда еңбек ететін жастардың тұрақты жұмыс тауып, уақытылы еңбекақыларын алып отырулары да екі талай. Осы жас азаматтарды жұмысқа орналастыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
«Қазіргі таңда өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру жөніндегі мәселелер жиі туындап отыр. Тек орта білімі ғана бар, арнаулы оқу орнын аяқтамаған жастардың «Халықты жұмыспен қамту орталығы» арқылы оқуға немесе қайта оқу мүмкіндігі бар, әрі бұл ретте мемлекет шәкіртақы төлейді. Тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға болады. Қарағандылықтарға ыңғайлы болуы үшін «Халықты жұмыспен қамту орталығының» жұмысқа орналастыру пунктері дүйсенбіден басқа күндері күн сайын сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін жұмыс істейді. Жұмысқа орналастыру пунктінің негізгі мақсаты жастарды нәтижелі еңбекпен қамтуға жәрдемдесу және оларды кәсіпкерлікпен айналысуға тарту, еңбегіне лайықты төлем төленетін қолайлы жұмыс ұсыну», - дейді Н.Баянов.
Жұмысқа орналастыру пунктінің қызметкерлері жастарға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының негізгі басымдықтары туралы» ақпарат беріп, мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалануды түсіндіреді. Еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен біліктіліктерді алу сұрақтары бойынша ақпараттық көмек көрсетіп, өз ісін ашу мен дамыту үшін шағын несиелер алуға жәрдемдеседі.
«Базарда қасапшы болып жұмыс жасаймын. Шағын несие алып, өз ісімді бастасам деген арманым бар еді. Осындағы жұмыспен қамту бөлімшесінің қызметкерлері несие алудың жолдарын түсіндірді, кеңес берді. Болашақта мақсатыма жетемін деген үмітім артты», - дейді «Арай» базарының қасапшысы Еркін Ысмағұл.
«Халықты жұмыспен қамту орталығы» бүгінде Қарағанды қаласының 467 кәсіпорыны мен ұйымдарында 1345 бос жұмыс орнының бар екендігі жайлы мәлімет ұсынды. Жұмыссыздар инженер, ревизор, редактор, аудармашы, дәрігер, медицина бөлімінің меңгерушісі, мұғалім және басқа да мамандықтар бойынша жұмысқа орналаса алады. Сондай-ақ орта білімі бар мамандар үшін де бос орындар ұсынылған. Арнаулы білімі бар азаматтарға тігінші, слесарь, электр-газбен дәнекерлеуші, электр монтер, токарь, автокран машинисті, доңғалақ ауыстырушы, ғимаратқа қызметке көрсету бойынша жұмысшы және тағы да басқа мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылған.