Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бірінші проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰҒА академигі Аристотель Исағұлов «Алтын Гефест 2019» ұлттық тау-кен металлургиялық салалық байқауының лауреаты атанды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Қарағандылық ғалым «Жыл педагог-ғалымы» номинациясында жеңіске жетті.
Биыл аталмыш республикалық салалық байқау мерейтойлық болды. Марапаттау рәсімі Қазақстан елордасы Нұр-Сұлтан қаласында Astana Mining & Metallurgy оныншы тау-кен металлургия конгресі аясында өтті.
2019 жылы «Алтын Гефест» сыйлығына ие болу құқығы үшін геология, тау-кен ісі және металлургия саласындағы 184 маман, жобалау, ғылыми, оқу орындары мен кәсіпорындардың қызметкерлері, сондай-ақ тау-кен металлургия саласы туралы жазатын журналистер күресті. Жеңімпаздар 13 номинация бойынша таңдалды.
Аристотель Исағұлов ғылыми жұмыстары үшін марапатқа ие болды. Қарағанды ғалымы 35 жылдан астам құймаларды дәл құю, құю өндірісін автоматтандыру және механикаландыру, металлургия саласында қолданбалы зерттеулер жүргізуде. Жаңа технологиялық процестер Қазақстан, Ресей және Беларусь секілді ТМД елдерінің өндірісіне енгізілген. Исағұловтың еңбектері алыс шетелдерде де белгілі. Оның зерттемелеі Германия, АҚШ және Швейцарияда таныстырылған.
Қазіргі уақытта оның басшылығымен saktau коррозияға қарсы жабындарды шығару бойынша жобасын коммерцияландыру жұмыстары аяқталуда. Инновациялық технология коррозиядан қорғау деңгейін арттыруға және жабынның беріктігін бір жарым есе арттыруға мүмкіндік береді.
«Алтын Гефест» сыйлығы Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы ең беделді марапаты болып табылады. Он жыл бұрын «Алтын Гефест» мүсіні ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырылды. Он жыл ішінде саланың 120-дан астам мамандары мен ұйымдары марапатқа ие болды. Ал Қазақстанда 2018 жылы Бүкіләлемдік тау-кен Конгресін өткізу арқасында «Алтын Гефест» сыйлығы әлемдік деңгейде мойындалды.