2 сәуір - Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі елордадағы №95 мектеп-лицейінде ашылған инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысымен танысты.
Кабинет "Болашақ" қоры мен қамқоршылардың, қайырымды жандардың қолдауымен ашылды.
Астанадағы №95 мектеп-лицейі Ұлы Дала даңғылында орналасқан.
Мектеп 2023 жылы қыркүйекте ашылған.
Кабинет қордың "Bolashak Bright" жобасы аясында жиналған қайырымдылық қаражатына жабдықталған. Кабинетте аутизм және басқа да менталдық бұзылыстары бар 14 бала оқиды.
Жалпы "Болашақ" қоры елордада 18 инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жабдықтады. 2015 жылдан бері мұнда 150-ге жуық бала оқып шықты. Қор Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Осылайша аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар 800-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды.
Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған 12 мыңнан астам бала бар.
Ол балалардың 3 479-ы елордада тұрады.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша әрбір 36-балаға аутизм диагнозы қойылған.
"Әр бала мектепке баруға лайықты"
"Bolashak Bright" акциясына қатысушылар инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтауға барлығы 781 748 теңге жинады. 307 адам қайырымдылық қаражат аударған. Қайырымдылық акциясын өткізуге кофеханалар желісі, әуекомпания атсалысқан.
"Болашақ" қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан қор 2015 жылы инклюзияны қолдау кабинеттерінің моделін әзірлегенін және қазір осы модель 700-ден астам білім беру ұйымында мемлекеттік білім беру жүйесіне енгізілгенін атап өтті.
Біздің жобаға келген кішкентай балапандар, міне бүгінде 9-сыныпты бітірейін деп жатыр. Біз аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балалардың қарапайым кәсіптерге оқуы үшін инклюзия саласындағы басқа қорлармен бірге белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз аутизм және басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған үздіксіз білім берудің толық циклін жасадық. Сонымен қатар олардың кәсіби, спорттық тұрғыдан жан-жақты дамуына жағдай жасап жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, біз балабақшалар мен мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашамыз, - деді қордың өкілі.
Динара Гаплан жергілікті атқарушы билік қандай қолдау көрсетіп жатқаны жайлы айтты.
2023 жылға дейін Қазақстанда тек екі балабақшада ғана инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істеді. Былтыр Білім басқармасының және елорда әкімінің жеке қолдауымен біз елорданың балабақшаларында 8 қолдау кабинетін аштық. Ал биыл тағы 24 балабақшада кабинеттер ашу жоспарланып отыр. Бұл инклюзивті білім беруді дамытудағы өте маңызды қадам, - деп айтты ол.
Жұртшылықты аутизм мәселесі туралы ақпараттандыру мақсатында қор емханаларға арнап аутизм туралы ақпараттық стендтің дизайнын әзірледі. Аутизм туралы стендтер Астана қаласының 20 емханасында орналастырылып жатыр. "Әр бала мектепке баруға лайықты" жобасы AMANAT партиясының қолдауымен "Кедергісіз келешек" партиялық жобасы шегінде жүзеге асырылады.
"Балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған"
№95 мектеп-лицейінің директоры Шынар Әубәкірова білім ордасы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап ашылғанын айтты. Мектепте шамамен 1 800 бала оқиды. №95 мектеп-лицейі – аралас білім мекемесі.
Мектеп ашылғандағы басты мақсат – барлық балаға бірдей жағдай жасау болды. Бірінші кезекте мектептегі жағдай қалыпты балаларға арналғандықтан, бірінші жетекші ретінде ерекше балаларға жағдай жасау мақсатым болды. Бүгінде "Болашақ" қоры мен демеушілердің қолдауымен бізге инклюзияны қолдау кабинетін ашуға мүмкіндік туды. Бұл кабинетте 14 бала оқиды. Әр баламен педагог-ассистент жұмыс істейді. Балалар стандартты типтегі сыныптардағы балалармен бірге білім алады. Әр балада өзінің жеке даму бағдарламасы бар. Оның мониторингісі жүргізіліп отырады, - деді мектеп басшысы.
Директордың сөзінше, балалар инклюзияны қолдау кабинетінде әдістемелік көмек ала алады. Кабинет төрт бөлікке бөлінген – жеке және топтық жұмыс, демалыс аймағы.
Шынар Әубәкірова №95 мектеп-лицейінде балалардың білім алуына барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Ерекше балалар колледжде білім алады
"Болашақ" корпоративтік қорының "Әрбір бала мектепке лайықты" жобасының үйлестірушісі Самал Әлбілекова мектепті бітірген ерекше балалардың колледжде білім алуына жағдай жасалатынын айтты.
Қор 2015 жылдан бастап аутизмі және басқа да менталдық бұзушылықтары бар балаларды, олардың ата-аналарын мен осындай балалармен жұмыс істейтін мамандарды қолдау үшін жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Осылайша 2015 жылы алғаш рет инклюзияны қолдау кабинеті мектепте ашылған еді. 2020 жылы осындай модель балабақшаларға да енгізілді. Өйткені мектептерде балалар жақсы дайындалғанымен, ерте кезден түзету жұмыстарының жүргізілуі өте маңызды екенін түсіндік, - дейді Әлбілекова.
Оның сөзінше, балабақшада инклюзияны қолдау кабинетіне қатысатын балалар кейін мектепке барғанда педагог-ассистенттің сүйемелдеуінсіз-ақ оқи береді. Самал Әлбілекова 2020 жылы балабақшада пилот ретінде, кейін 2023 жылы 8 балабақшада инклюзияны қолдау кабинеттері ашылғанын атап өтті.
Биыл қор 25 балабақшада инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуды жоспарлап отыр. Қордың басты мақсаттарының бірі – жүйелілікті жалғастыру. Яғни балабақшада, мектепте аштық. Енді ол балалар мектептен кейін қайда барады деген сұрақ туындап отыр. Осы орайда колледждерде оқу-өндірістік комбинаттарын ашып жатырмыз. Яғни ерекшеліктері бар балалар мектеп жасынан-ақ колледждерге барып, тігінші, аспаз, суретші, кондитер мамандықтарына қазірден дайындала береді. Кейін курстарды бітіргеннен кейін оларға колледжге түсіп, жұмыс табу әлдеқайда оңайырақ болады, - деп түсіндірді ол.
Қазір қор ашқан ОӨК-де 7-10-сыныптарының 40 баласы оқып жатыр.