Алматының «Ақжар» шағын ауданында «Халық қатысатын бюджет – 2023» бағдарламасы аясында жаңа қоғамдық кеңістік ашылды, , деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрылыс биыл 15 маусымда басталды. Қазір барлық жұмыс аяқталды. Осы жылдың күзінде 50 дана қылқан жапырақты және жапырақты екпелерді отырғызу жоспарланған.
Қоғамдық кеңістікті абаттандыру нәтижесін тексеру барысында Ерболат Досаев жергілікті тұрғындармен әңгімелесті.
Алматыда үлкен саябақ салу бос жердің болмауы қиындық туғызады, бірақ тұрғындардың жайлылығы үшін біз жергілікті деңгейдегі саябақтар мен скверлер салып жатырмыз. Осындай мысалдардың бірі – Наурызбай ауданындағы тұрғындардың демалысы үшін салынған жаңа қоғамдық кеңістік, - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Тұрғындар, өз кезегінде, ауданда өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту бойынша өзекті мәселелерді шешкені үшін, атап айтқанда, «Ақжар» шағын ауданының халқын ауыз суға тұрақты қолжетімділікпен қамтамасыз еткені үшін алғыстарын білдірді.
Тұрғындардың сауалдарына жауап бере отырып, мегаполис әкімі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының тиімділігін және қала тұрғындарының оң пікірін ескере отырып, бағдарламаны қаржыландыру көлемі артатынын хабарлады. Биыл Наурызбай ауданына қосымша 875 млн теңге бөлінді. Осылайша, ауданда 2,7 млрд теңгеден астам сомаға 67 жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде қоғамдық кеңістіктер мен жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру, жол инфрақұрылымы, сыртқы жарықтандыру желісі мен арық салу, суарудың автоматтандырылған жүйесін орнату бойынша жобалар бар.
«Ақжар» шағын ауданындағы қоғамдық кеңістік бұрын қараусыз қалған, ауданы 0,2 га жерге салынған. Жергілікті тұрғындар әртүрлі тұрмыстық және құрылыс қалдықтары жиналған аумақты бірнеше рет тазартқан.
Аталған қоғамдық кеңістіктің ашылуы «Ақжар» шағын ауданының тұрғындары үшін маңызды оқиға болды: бұрын мұндай алаңдар мен саябақтар болған емес. Аумақ үш аймаққа бөлінген және балалар ойын аймағы, спорттық workout алаңы, сонымен қатар, қала тұрғындары үшін демалыс аймағы ұсынылған, - деді Наурызбай ауданының әкімі Нәзира Тоғызбаева.