Ақылы жолдардан бір жылда 87 млрд теңге кіріс түскен

Түскен қаражат толықтай жолдарды күтіп-ұстауға бағытталған.

 Үкіметтің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 11:34
Бүгiн 2026, 11:34
249
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Үкімет отырысында биыл қосымша 6 жаңа ақылы жол учаскесін енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Компания басшысының айтуынша, ақылы жолдар жүйесінде бірқатар өзгеріс қарастырылған. Атап айтқанда, жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді.

Қазіргі таңда 14 учаскеде жалпы ұзындығы 477 шақырымды қамтитын аумақта 1 млн 100 мың шаршы метр ақау тіркелген. Жөндеу жұмыстары биылғы жол-құрылыс маусымында жүргізіледі.

Сонымен қатар азаматтардың өтініші негізінде төлем мерзімін 7 күннен 30 күнге дейін ұзарту жоспарланып отыр. Қазір бұл өзгерістер мемлекеттік органдардың келісу рәсімінен өтіп жатыр.

Иманашев өткен жылғы қаржылық көрсеткіштерге де тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түскен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда (48 млрд теңге) едәуір жоғары.

Түскен қаражат толықтай жолдарды күтіп-ұстауға бағытталған. Атап айтқанда:

  • 1 456 арнайы техника мен жабдық сатып алынды;
  • 354 мың шаршы метр жол жабынына ағымдағы жөндеу жүргізілді;
  • 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал себілді.

Осылайша, ақылы жолдардан түсетін қаражат инфрақұрылымды жақсартуға және жол сапасын арттыруға жұмсалып жатқаны айтылды.

Наверх