«Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан ақылы негізде білім алған 758 бакалавриат студенті білім беру грантының иегері атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Студенттер «Қазақстан халқына» қоры есебінен білім алып, оларға 40 000 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалады. Грант иегерлерінің тізімі қордың qazaqstanhalqyna.kz сайтында жарияланған.
Өтінімдер 2022 жылдың 1-30 тамыз аралығында жүргізіліп, қордың серіктестері – «Taiburyl» ҚБ және «Эндаумент КАЗГЮУ» КҚ платформасы арқылы қабылданды. Байқауға мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар; кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе жетім балалар; ауылдық жерлердегі аз қамтылған отбасылардағы; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар қатарындағы; мүгедек адамдар болып табылатын ата-аналары қатарынан студенттер қатыса алды.
Бағдарламаға 79 ұлттық, мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары қатысты. Гранттың артықшылықтарының бірі оны «пысықтау» бойынша талаптың болмауы.
Сонымен қатар, бөлінбеген гранттарды және студенттердің өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзарту туралы көптеген өтінішін ескере отырып, «Қазақстан халқына» қоры ақылы бөлім студенттері арасында қосымша байқау жариялау туралы шешім қабылдады. Байқау 2022 жылдың 8-20 қыркүйегі аралығында жалғасады. Осы кезең ішінде байқау критерийлеріне сәйкес келетін студенттер taiburyl.kz сайтына өтініш бере алады.
Осыған дейін хабарланғандай, 25 тамызда қор бакалавриат бағдарламалары бойынша жоғары білім алу үшін мемлекеттік немесе басқа да грант иегері атанбаған 745 талапкерге стипендия мен гранттар тағайындады. Гранттар ауылдық жерлердегі аз қамтылған отбасылардан шыққан; кәмелетке толғанға дейін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған; мүмкіндіктері шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар талапкерлерге ұсынылды. Өтінімдер 10-23 тамыз аралығында қабылданды. Грант иегерлерінің тізімі қордың сайтында жарияланған.
Нәтижесінде бүгінгі таңда 1503 талапкер мен студент «Қазақстан халқына» қорының грант иегері атанды. Жалпы қор 2350 білім беру грантын бөліп отыр.