Облыстық қаржы басқармасы Ақтөбе әуежайына инвестор іздеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл мәселе жуырда облыстық мәслихатта талқыланды. Облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Келіс Тұрмағамбетовтің айтуынша, қазір әуежайға инвестор іздеу мәселесі өзекті болып тұр. Дегенмен аталған нысан кешенді жоспардан алып тасталуы да мүмкін.
Ақтөбе әуежайы жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында тұр. Осы жоспардан алып тастау мәселесі ел экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия жанындағы мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысында қолдау тапты. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі инвестор тартылған жағдайда кешенді жоспардан алып тастау мүмкіндігін жоққа шығармады. Қазір бұл мәселе мемлекеттік комиссияның қарауында, - дейді ол.
Айта кету керек, әуежай 2019 жылдан бері қаржы басқармасының коммуналдық меншігінде.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, биыл әуежай бір миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Бүгінде Ақтөбе әуежайынан 11 бағытқа ұшақтар ұшады. Оның алтауы ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Түркістан, Шымкент), бесеуі — халықаралық (Стамбұл, Шарм–Эль–Шейх, Анталия, Доха, Пхукет) бағыттар. Әуежай тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда қызмет көрсету сағатына 400 адамға арналған жолаушылар терминалында жүргізіледі. Жолаушылар үшін әуежай аумағында барлық қажетті жағдай жасалған, - дейді Айбек Қайыр.
Оның айтуынша, қазір әуежайдың ұшу-қонағы жолағы мен терминалына жөндеу керек.