Ақтөбеліктердің құқықтық сауаттылығы қандай?

Бөлісу:
Ақтөбеліктердің құқықтық сауаттылығы қандай?
Фото: BAQ.KZ

Бүгінде Ақтөбе облысының 12 ауданындағы 77 елді мекенде құқық кабинеті жұмыс жасап тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл кабинеттер аудан тұрғындарының құқықтық сауаттылығын көтеруге бағытталып отыр. Ол жерде азаматтарға құқықтық көмек көрсету, құжаттарды дайындау және басқа да заң қызметтері ұсынылады. Мұндай бастама, әсіресе, шалғай ауылдың тұрғындарына өте қажет. 

Қазір облыс тұрғындарының құқықтық сауаттылық деңгейі артып келеді. Бүгінде заң білмейтін, өз құқығын қорғай алмайтын азаматтардың қатары аз. Дегенмен осы бағытта өңірімізде "2024-2026 жылдарға арналған құқықтық түсіндіру жұмыстары бойынша іс-шаралар жоспары" бекітілді. Осы жоспардың негізінде 2024 жылдан бастап ауылдық жерлерде құқық кабинеттері ашылып, жұмыс істеп жатыр. Мәселен, аудан орталықтарында тұрғындарға заң кеңесшілері көмектессе, шалғай ауылдарда кабинеттерге арнайы компьютерлер қойылып, барлық нормативтік актілерге арналған қол жеткізу тетіктері орнатылды. Яғни, кез келген адам adilet.gov.kz сайтынан қажетті ақпарат ала алады. Сондай-ақ азаматтар 119 байланыс телефонына хабарласып, құқықтық сауалдарына жауап алуына болады, - дейді Ақтөбе облыстық әділет департаментінің бас маманы Дәулет Қайырбай.

Оның айтуынша, компьютерді меңгере алмайтын ауыл тұрғындарына әкімдік қызметкерлері көмектесіп, бағыт-бағдар сілтейді. Себебі бұл жобаны департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырып отыр.
Айта кету керек, облыстағы аудандар арасында тек Ырғыз ауданында ғана бір кабинет ашылған.

Ал басқа аудандарда құқық кабинеті онға жуық ауылда жұмыс істеп тұр. 

Кабинеттерде қанша тұрғынға қызмет көрсетілгені туралы статистика жыл аяғында белгілі болады.


Данагүл ҚАЗИХАН.

Өзгелердің жаңалығы