Денсаулығына байланысты учаскеге бара алмайтын ақтөбеліктер үйлерінен дауыс берді

9 Маусым 2019, 16:51
2659
Бөлісу:
Денсаулығына байланысты учаскеге бара алмайтын ақтөбеліктер үйлерінен дауыс берді

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Кезектен тыс ҚР президент сайлауына денсаулығына байланысты бара алмайтын ақтөбеліктер үйлерінде отырып дауыс берді. Ақтөбе қаласындағы №72, 73 учаскелерінде тіркелген 100-ден астам адамның үйіне сайлау комиссиясының мүшелері мен бақылаушылар жылжымалы жәшік алып барды.

Шаһардағы №72, 73 сайлау учаскелерінде жұмыс таңғы сағат 7-де басталды. Бақылаушылар мен сайлау комиссиясының мүшелері жұмыстарына кірісті. Таңмен таласып, дауыс беруге алғаш болып келгендер, қариялар мен балалы жандарға сыйлық таратылды. Екі сайлау учаскесі бойынша 4600 адам тізімде бар. Сайлау науқанының заң бұзушылықсыз әрі кемшіліксіз өтуін қадағалайтын мұнда 7 бақылаушы жұмыс жасап жатыр.

«Сайлау учаскесі таңмен жұмысын бастады. Учаскедегі көңіл-күй тамаша. Әзірге заң бұзушылықтар тіркелмеді. Дегенмен, мұнда тіркелмеген жандар да келіп жатыр. Бірақ олар дауыс бере алмайды. Себебі әр тұрғын өзі тіркелген мекенжай бойынша дауыс беруі қажет», - деді Ақтөбе облыстық «Аманат» штабының тәуелсіз бақылаушысы Марина Пузаренко.

Түсте сайлау комиссиясының өкілдері мен бақылаушылар денсаулығына байланысты учаскеге келіп дауыс бере алмайтын ақтөбеліктердің үйін аралады. Мұндай 110 қала тұрғыны тіркелген.

«Ұлтым – украин. Елдегі халықтар татулығы нығая түсуі керек. Қазір де жақсы. Шүкір еліміз тыныш, халықтар достығы мықты.Ең бастысы бейбітшілік керек, қарнымыз тоқ, жасаған еңбегіміздің ақысын алып отырмыз. Одан артық не керек бізге. Қанағат етіп отырамын. Қазақстаннан жамандық көрген жоқпыз»,-деді ақтөбелік зейнеткер Раиса Супруненко.

Өзгелердің жаңалығы