Ақтөбеліктер Тіл мерекесін атап өтті

5 Қыркүйек 2022, 18:13
1253
Бөлісу:
Ақтөбеліктер Тіл мерекесін атап өтті
Фото: автордан

Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Астана» саябағында өткен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл тазалығын сақтайық!» атты акцияда тіл жанашырлары марапатталып, жастар белгілі ақындардың өлеңдерін оқыды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Акцияда Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова жиналғандарды мерекемен құттықтап, бір топ тіл жанашырына Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың атынан Алғыс хаттар табыс етті. 

Бұдан кейін шарада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы Естай Жайлыбай сөй сөйлеп, бүгінгі қазақ тілінің мәртебесі туралы айтып берді.

Бүгін ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Жалпы бұл мереке атамыздың туған күніне орай осы күнге белгіленген болатын. Осы орайда бүгін қаламызда мерекелік шаралар өтіп жатыр. Тіл мәселесіне келсек, тәуелсіздік алған жылдарда қаламызда бір ғана қазақ мектебі болған. Қазір білім беретін 85 мектептің жетеуі ғана орыс тілінде оқытады. Сондай-ақ 90-жылдары қаламызда жалғыз қазақ балабақшасы болды, қазір олардың саны артты. Дегенмен қазіргі таңда тіл мәртебесін көтеруде әлі де бірқатар проблемалар бар екендігін жасыра алмаймыз. Мәселен, биыл қазақ балаларының 70 пайызы қазақ мектебіне барған. Ал қалған бөлігі орыс сыныбына барып отыр. Сондықтан бұл тұрғыда біз әлі де тиісті жұмыстар жүргізуіміз керек. Бүгінгі акцияда біз тіл заңдылығын түсіндіріп, тұрғындарды, ата-аналарды ана тіліміздің қасиетін, оның мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейтуде бірлесе жұмыс жасауға үндейміз,- деді ол. 

Ақтөбеліктер Тіл мерекесін атап өтті

Акцияда «Мұхтар Шаханов оқулары» байқауының І орын иегері, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті Байзақ Өмірзақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті Жансая Аубакирова, Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназиясының 9-сынып оқушысы Амира Сәбитова, Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназиясының 10-сынып оқушысы Зере Сүндетбаева тіл туралы белгілі ақындардың өлеңдерін жатқа айтып берді. 

Сондай-ақ салтанатты шара соңында қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.

Біз жыл сайын осы мерекеде жастардың қатысуымен түрлі шаралар өткіземіз. Биыл осындай акция ұйымдастырып отырмыз. Қазір салтанатты шарадан соң екі топқа бөлініп, бір тобымыз қаладағы жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктерге қазақ тілі туралы ақын-жазушылардың ғибратты сөздері  жазылған қысқа мәтінді суреттерді ілсек, екінші тобымыз «Керуен сити» ойын-сауық орталығы, «Нұрдәулет», «Шығыс» сауда үйлері, Орталық базар мен «Дина», «Анвар» супермаркеттерінде «Тіл» туралы заң талаптарының сақталуы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ акция барысында тұрғындармен мемлекеттік тілде сұхбаттасып, викториналық ойындар ұйымдастырамыз,-дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жазира Бақытжанова.

Ақтөбеліктер Тіл мерекесін атап өтті

Айта кету керек, Тіл мерекесіне орай 8 қыркүйекте облыс көлемінде арнайы шаралар өтеді.

Өзгелердің жаңалығы