Ақтөбе облысында жазатайым оқиғалар салдарынан көз жұмғандар саны азаймай отыр. Былтыр өңірдегі мұнай компанияларында 13 адам көз жұмып, 70-ке жуық жұмысшы түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, жазатайым оқиғалардың көбі облыстағы "Қазхром" ТҰК АҚ филиалы мен бірқатар мұнай компанияларына тиесілі. Адам өліміне әкелген жазатайым оқиғалардың басты себебі - жұмысшылардың қауіпсіздік шараларын қатаң сақтамауы және абайсыздығы, сондай-ақ жұмыс беруші тарапынан жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылмауы.
Былтыр өңірде болған жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру барысында 73 материал құқық қорғау органдарына жолданды. Өндіріс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау және аттестаттау нәтижелері бойынша шаралар кешенін жүргізу мақсатында 1671 нысанға аттестаттау жұмыстары жүргізілді, 918 өндірістік кеңес құрылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыстың 282 кәсіпорнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша стандарттар енгізілді, - дейді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Жандос Әлімов.
Ақтөбе облысында жұмысшылардың еңбек құқығын бұзу деректері мұнымен шектелмейді. Былтыр өңірдегі 8 кәсіпорын өз жұмысшыларына еңбекақысын уақытында төлемеген. Соның нәтижесінде кәсіпорындар азаматтарға 72,3 млн теңге берешек болған. Дегенмен бүгінде олардың көбі берешектерін өтеген. Қазір бір ғана кәсіпорын жұмысшыларына қарыз болып отыр.
"Mining inert Materials" ЖШС қазір 138 қызметкеріне 31,6 миллион теңге берешек болып отыр. Олардың барлығы уақытында еңбекақыларын алмаған, - дейді Жандос Әлімов.