Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жеке кәсіпкердің электронды есеп фактурасына анализ жүргізу барысында ӘМАТ тауарларына сауда үстемесін асыру тәуекелдерін анықтап, істі әрі қарай тексеру үшін өңірлік сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне жолдаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдеуінше, жеке кәсіпкер қарақұмық жармасының 75 келісін "Жазық Групп" ЖШСдан 16 450 теңгеге сатып алған (1 келісі 205-248 тг).
Артынша жеке кәсіпкер қарақұмысты балабақшаларға 109%-450% сауда үстемесімен сатқан.
Мәселен, Ақтөбедегі мемлекеттік №42 "Айналайын" балабақшасына 28 келі қарақұмықты 12 992 теңге, яғни келісін 519 теңгеден сатқан. Мұндағы сауда үстемесі 109,2% құрайды. Артынша мемлекеттік №17 "Шұғыла" балабақшасына өнімнің 56 келісін 16 192 теңгеден, 135,8 % сауда үстемесімен жеткізген.
Одан кейін жеке кәсіпкер қарақұмық жармасының 35 келісін "Саубер" ЖШС-ға сатқан. "Саубер" ЖШС артынша балабақшаларға сатқан. Осылайша қарақұмыққа сауда үстемесі 447 пайызға дейін өсіп, келісі 1356 теңгеден саудаланған.
ҚР ӘҚтБ 204-4 бабына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі 15%-дан аспауы керек. ӘМАТ тауарлары тізбесіне кіретін қарақұмық жармасының сауда үстемесін бірнеше есе өсірген жеке кәсіпкерге ескерту берілді. Ал "Саубер" ЖШС азық-түлік тауарларының барлық тізбегіне баға белгілеу бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссияның шешімімен өнімсіз делдал деп танылды.
Айта кету керек, қарақұмық жармасының бағасы жыл басынан бері 33,9%-ға арзандаған. Бұл өнімнің келісі биылғы жылдың қаңтар айында 304 теңге болған болса, қазір қарақұмық келісінің елдегі орташа бағасы 208 теңге.