Ақтөбедегі саяжайларға мәртебе қашан беріледі

23 Қазан 2024, 17:55
387
Бөлісу:
Ақтөбедегі саяжайларға мәртебе қашан беріледі
PHOTO

Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде орналасқан саяжай тұрғындары жол жоқтығын айтып, шағымдарын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ел аузында «Қазмұнайгаз» аталып кеткен аумақта бүгінде жол жоқ. Саяжай тұрғындары күз-көктем су мен балшық кешіп жүруге мәжбүр. Әсіресе, бұл жағдай мектеп пен балабақшаға баратын балаларға қиындық әкеліп отыр.

Бір-екі жылдан бері саяжайға мектеп автобусы қатынайды. Алайда автобус балаларды орталық көшелерге қалдырып кетеді. Жаңбыр жауса, көшелер балшық болып, балаларымыз үйге әрең жетеді. Тар көшенің жолдары ойдым-ойдым, шұрқ-тесік. Көліктерімізге де обал. Осыдан 4-5 жыл бұрын қала әкімдігінің қызметкерлері біздің бау-бақша ұжымына «тұрғын үй» мәртебесі берілуі мүмкін деп тұрғындардан мәліметтер жинап, жазып алып кеткен еді. Алайда қала әкімі ауысқан соң мәселе шешілмеді, қазір біздің жағдайымызды ойлайтын ешкім жоқ, — дейді «Придорожный» бау-бақша ұжымының тұрғыны Жақсылық Асан.

Ақтөбедегі саяжайларға мәртебе қашан беріледі

Оның айтуынша, аталған бау-бақша ұжымында 200-ге жуық үй бар. Олардың дені газбен, ауызсумен қамтылған. Алайда саяжайға жол керек. Тұрғындар қала әкімдігінен тым болмаса жолдарға қиыршық тас төсеп беруін сұрайды.

Ақтөбедегі саяжайларға мәртебе қашан беріледі

Біз бұл мәселе бойынша Ақтөбе қалалық ТҮКШ бөліміне хабарласқан едік. Бөлім басшысы мәртебе беру мәселесімен Урбанистика орталығы айналысатынын, ал саяжайға мәртебе берілмесе, асфальт төселіп, жол салынбайтынын жеткізді.

Ақтөбедегі саяжайларға мәртебе қашан беріледі

Үкіметтің 2024 жылғы 12 маусымдағы №461 қаулысымен бекітілген Ақтөбе қаласының бас жоспарына сәйкес көне мешіт жанындағы саяжайлар саяжай аумағы болып бекітілген. Сондықтан бұл саяжайларды «жеке тұрғын үй құрылысы» мәртебесіне өзгерту мүмкін емес, — дейді Урбанистика орталығының басшысы Әбілқайыр Шоқпутов.

Өзгелердің жаңалығы