Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде музей қызметіне және экпозицияларға енгізілген заманауи цифрлық технологияларды таныстыру рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл ауқымды шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орайластырылған.
Жаңа экспозицияның диорамаларында 3D-mapping, AR-технология, VR-көзілдірікті мультимедиялық технология, сандық сторителлинг, жасанды интеллект, голограмма пайдаланылған. «3D анимация» голографиясындағы Әлия бейнесіне виртуалды промоутер бес тілде сөйлейді, 3D форматтағы рельефті карта, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск енгізілген.
Музейде батыр қыздың өмірі мен ерлік жолын көрсететін ақпараттар мен экспонаттар, музей жабдықтары, тума-туыстары мен оқыған жерлері, мергендік мектебі мен майдандағы өмірін көрсететін, Әлия есімімен аталатын мекемелер мен мектептер, музейлер, жыр арнаған ақын-жазушылар мен зерттеушілер, қойылған ескерткіштер,түсірілген фильмдер жайлы деректер қойылған.
Облыс әкімі Асхат Шахаров реэкспозияланған музей залдарын аралап шықты.
Музей жұмысымен және ондағы жәдігерлермен таныстырған мұражай директоры Жанар Мақсұтова қазір мұнда 11 мыңнан астам экспонат барын, алдағы уақытта қорды толықтыру және оның қызметін одан әрі жетілдіру басты міндет екенін жеткізді. Оның айтуынша, музей ғимараты 1987 жылы салынған. Бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан мұражайға былтыр жөндеу жүргізілген, сондай-ақ музей залдары реэкспозициядан өткен.
Айта кетейік, бұл орталыққа жыл сайын 40 мыңнан астам адам келіп, онда өтетін тарихи-танымдық іс-шараларға, ерлік сабақтарына дәрістерге қатысады.
Биыл мұнда батыр қыздың туғанына 100 жыл толуына орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылады.