Ақтөбе қаласында жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларынан 16 адам көз жұмған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының жол қауіпсіздігі бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, биылғы 6 айда Ақтөбе қаласында 175 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 16 адам көз жұмып, 194 жолаушы әр түрлі дене жарақатын алған.
Оның ішінде 78 жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің қатысуымен болды. 6 адам көз жұмып, 75 жолаушы дене жарақатын алды. Сондай-ақ қала аумағында тіркелген 46 жол апатына кәмелетке толмағандар қатысқаны белгілі болып отыр. 6 айда 2 бала қаза тауып, 46 бала жарақаттанды. Ал скутер, мопедтердің қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам көз жұмып, 17 адам әр түрлі дене жарақатын алды. Қазір өңірімізде скутер, мопед жүргізетін жасөспірімдер көп. Тіпті, жасы 13-14 жастағы жасөспірімдер қала көшелерінде емін-еркін мопед жүргізіп жүр. Осы мәселеге байланысты қазір елімізде мопед жүргізушісін механикалық көлік құралдары жүргізушісімен теңестіру туралы Мәжіліске ұсыныс берілуде. Егер «Жол жүрісі туралы» Заңға өзгерістер енгізілсе, онда мопедтер тіркеуге алынады. Мәселен, мотоциклге «А» деген санат керек болса, мопедке «А1» деген санат берілуі қажет, - дейді Асылхан Бекбосынов.
Оның айтуынша, бүгінде мопед, скутер жүргізіп, жол ережесін бұзған жасөспірімдердің ата-анасына сот арқылы айыппұл салынады.
Қазір қаламызда «Тасымалдаушы» профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл такси мен автобустардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Жалпы, соңғы кезде қала аумағында жол апаты көбейіп барады, - дейді Асылхан Бекбосынов.