Ақтөбе облысында жоғары және бірінші санаттағы педагогтардың үлесі төмен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиеваның айтуынша, былтыр облыста жүргізілген мемлекеттік аттестаттау кезінде 75 педагогтың құжаты сабақ беретін пәніне сәйкес келмейтіндігі анықталса, 70-тен астам мұғалім үш жылдан бері біліктілігін арттырмаған. Ал 146 ұстаз бес жылдан бері біліктілік санатын алмаған.
Жалпы, кез келген мұғалім ізденіс үстінде болуы керек. Себебі оқушыларға сапалы білім беретін адам - мұғалім. Өкінішке қарай, облыстағы педагогтардың сапалық көрсеткіші төмен. Мәселен, өңірдегі бірінші, жоғары санаттағы, сондай-ақ педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шеберлердің үлесі өте төмен. Олардың сапалық құрамы 17,3% болса, жалпы санаты бар педагогтердің үлесі - 25,7%, - дейді ол.
Ұлттық білім беру деректер қорының деректеріне сәйкес Ақтөбе облысында 300-ден астам педагогқа тапшылық бар.
Мектептердегі кадр жетіспеушілігі, педагогтардың уақытылы біліктілік курсынан өтпеуі білім сапасына әсер етері сөзсіз. Осындай факторлардың көбеюі, тіпті, жыл сайын қайталануы мектеп басшыларының әлсіздігінен, сондай-ақ мектептегі жұмыстардың тиісті деңгейде қадағаланбауынан болып отыр. Бұдан бөлек, қазір облыстағы әдістемелік кабинеттерге жас, тәжірибесі жеткіліксіз мамандар жұмысқа қабылданады. Ал тәжірибесі жоқ әдіскерлердің біліктілік деңгейі төмен болатыны белгілі. Сондықтан мектеп мұғалімдеріне талапқа сай әдістемелік көмек көрсетілмейді. Осыдан келіп мектептердегі білім сапасы төмендейді, - дейді Гүлнар Сәрсенғалиева.