Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбеде ЖИ-мен жабдықталған медициналық ахуал орталығы ашылды

3 Қазан 2025, 08:32
428
Бөлісу:
 Скриншот
Фото: Скриншот

Ақтөбеде жасанды интеллект қолданылатын медициналық ахуал орталығы ашылды. Ол облыстық көпсалалы аурухана жанынан құрылып, радиологиялық зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Заманауи цифрлық жүйе қатерлі ісікті ерте анықтауға көмектесіп, медицина ұйымдарының қызмет сапасын бақылауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, орталықтағы телемедицина арқылы шалғайдағы дәрігерлер әріптестерімен онлайн консилиум өткізіп, науқастарды емдеу тактикасын талқылай алады.

Ахуал орталығы рентген және компьютерлік томография нәтижелерін жүйеге жүктеу арқылы жасанды интеллекттің көмегімен талдайды. Ол ықтимал өзгерістерді көрсетіп, дәрігерге бағыт береді. Дегенмен шешім қабылдау құқығы дәрігердің өзінде қалады.

Қазіргі уақытта бұл әдіспен 27 науқастың кескіндері зерттеліп, неврология, нефрология, гастроэнтерология, кардиология және эндокринология салалары қамтылды. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект кейбір диагноздардың нақтылығын 34%-ға дейін арттырған.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, бұл жоба – Президенттің цифрландыруды жеделдету тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр.

Ең бастысы – адамның денсаулығы. Жаман ауруларды ерте анықтап, алғашқы сатысында емдеуге мүмкіндік беру – біздің басты мақсатымыз, – деді ол.

Орталыққа облыстағы барлық ірі ауруханалар қосылған. Ол тәулік бойы жұмыс істейді, жасанды интеллекттің көмегімен медициналық ұйымдардың қызметі, дәрі-дәрмек қоры мен індет ошақтары қадағаланады.

Өзгелердің жаңалығы