Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақтөбе қаласында жер учаскелерін жалға алу мерзімдерінің өтініштерін қараудың негізсіз кешіктірілгенін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау барысында қаланың Жер қатынастары бөліміне 2022 жылғы қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейін жергілікті кәсіпкерлерден бұрын берілген жер учаскелерін жалға беруді ұзартуға 30 өтініш түскені анықталды.
Қала кәсіпкерлері міндеттері дұрыс орындалған және жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда, учаскелерді жалдау шартын жаңа мерзімге ұзартуға толық құқылы болды. Осылайша, Жер қатынастары бөлімі адал бизнесті жүргізуге жасанды кедергі жасаған, - делінген ақпаратта.
Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдікке әкімшілік кедергілерді жою бойынша ұсыныстар енгізді. Содан кейін өтініш білдірген кәсіпкерлер үшін жер учаскелерін жалға беруді ұзарту мақұлданды.