Ақтөбеде жасөспірімдердің қатысуымен 19 қылмыс жасалған

10 Мамыр 2024, 18:01
520
Бөлісу:
Ақтөбеде жасөспірімдердің қатысуымен 19 қылмыс жасалған
Фото: Арман Мухатов - архив

Жыл басынан бері Ақтөбе қаласында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 19 қылмыс жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызмет бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ботакөз Жалекешованың айтуынша, биыл полиция қызметкерлері облыс орталығындағы жоғары және арнаулы оқу орындарының жатақханаларында, Студенттер сарайында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және жолда жүру ережесін сақтау мәселелері бойынша жүзден астам кездесу өткізген. Ал жуырда Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен жастармен тағы бір басқосу ұйымдастырылған.

Біздің бұл кездесулерді өткізудегі басты мақсатымыз — кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жастардың қауіпсіз қоғамда бақытты өмір сүруіне жағдай жасау. Өкінішке қарай, биыл Ақтөбе қаласында тіркелген құқық бұзушылық деректерінің саны 19-ға жетіп отыр. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылдан әлдеқайда төмен. Былтыр осы кезеңде қаламызда 26 қылмыс тіркелген болатын, — дейді Ботакөз Жалекешова.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері полиция бөлімдеріне 1152 кәмелетке толмаған жас жеткізілген. Оның ішінде 993-і әкімшілік құқық бұзушылық жасаған болса, 87-сі — ата-анасының қарауынсыз қалған жасөспірімдер. Сондай-ақ биыл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілісіз жүруіне жол бергені үшін 897 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласындағы ойын-сауық мекемелеріне кәмелетке толмағандарды кіргізгені үшін 65 тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Ішімдік сатқаны үшін 120 жеке кәсіпкер, темекі өнімін сатқаны үшін 7 жеке кәсіпкер жауапқа тартылды, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы