Ақтөбеде жас спортшылар ұзақ күткен кешен пайдалануға берілді

2 Қаңтар 2025, 22:54
381
Бөлісу:
Ақтөбеде жас спортшылар ұзақ күткен кешен пайдалануға берілді
Фото: видеодан кадр

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2018 жылы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Бірінші мердігер жосықсыз деп танылып, онымен арадағы келісімшарт бұзылған.

Қарғалы ауданына алғашқы жұмыс сапарында облыс әкімі Асхат Шахаров аталған нысанға бас сұғып, жаңа мердігерді анықтауды, құрылысты сапалы әрі уақыты аяқтауды тапсырыс берушіге міндеттеген еді.

2023 жылдың соңында жаңа мердігер ретінде "Baspana Build"» ЖШС анықталып, ол кешен құрылысын аяқтауға уәде берді. Компания спорт нысанының қалған құрылысына 126 млн.теңге жұмсады.

Спорт кешенінің ресми ашылуы салтанатты түрде өтті. Шараға аудан әкімі Нұрлан Унербаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде спорттың өскелең ұрпақтың денсаулығы мен тұлғалық дамуына тигізер маңызын ерекше атап өтіп, жаңа спорт кешенінің аудан жастарының жетістіктеріне жол ашатындығына сенім білдірді.

Ашылу рәсімі аясында 2024 жылды қорытындылауға арналған шағын футболдан жастар арасында аудандық ашық турнир ұйымдастырылды. Турнирге ауданның ең үздік командалары қатысып, жоғары деңгейдегі ойын көрсетті. Сондай-ақ, спорттық жарыстар мен турнирлер барысында ауданның жас спортшылары өз шеберліктерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Спорт кешені заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда 9 секция жұмыс істейді, олардың қатарында: бокс, волейбол, футбол, дзюдо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, еркін күрес, президенттік көпсайыс, жеңіл атлетика бар.

Қазіргі таңда Бадамша ауылында 6 жарым мың халық тұрады.

Өзгелердің жаңалығы