Ақтөбе облысында бүгінде 500-ден астам үй құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталуға жақын. Мердігерлер отандық құрылыс материалдарына басымдық берген. Ақтөбе облысындағы Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Ойыл, Мұғалжар, Темір аудандарында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қобда, Мұғалжар аудандарында қазіргі кезде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Қазір Жағабұлақ ауылында 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Екі ауылдағы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын «Айлин СтройПроект» ЖШС-і жүргізді. Мұндағы құрылыс материалдары отандық өнім. Пластикалық терезе, аула ішіндегі тас Ақтөбе қаласынан, ал шарбақтар Қостанай қаласынан жеткізілді. Үйдің іргетасын, қабырғасына қажетті экоблок, кірпіш Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласынан әкелінді. Ішкі жұмыстары аяқталып, қажетті техниканың бәрі қондырылды, - деді «Айлин СтройПроект» ЖШС-нің учаске басшысы Мерген Қанайбеков.
Ал Темір ауданы Құмсай ауылында 21 үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына екі мердігер мекеме жауапты.