Шаңырақ күні Ақтөбе периниталдық орталығында жаңа туған нәрестелерге бесіктер таратылды.
Шаңырақ күні жалпыұлттық Наурызнаманың онкүндігі аясында атап өтілді. Мереке отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттауға бағытталды. Бұл күні облыстық перинаталдық орталықта «Бесік тарту» атты ерекше іс-шара өтті, онда он жаңа туған нәрестелерге ұлттық өрнектермен бедерленген бесіктер тарту етілді.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев мереке қарсаңында нәрестелі болған аналарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Бүгін біз жылулыққа, қамқорлыққа және ежелгі дәстүрлерімізге құрметпен қарайтын ерекше күнді атап өтудеміз. «Бесік тарту» акциясы арқылы сәбиге қамқорлық жасап, оның денсаулығы мен әл-ауқатына ерекше маңыз беретін ұлттық құндылықтардың бірін жандандырдық десек артық етпес.
Мемлекет басшысы өз сөзінде дәстүрлерімізді сақтау мен дамытудың, отбасылық құндылықтарды нығайтудың және ана мен баланы қолдаудың маңыздылығын үнемі алға тартады. Соның негізінде өмірде өз жолын енді ғана бастаған – жаңа туған нәрестелер мен олардың аналары басты назарда. Бесік - бұл жай ғана құрал емес, әр үйдегі, әр отбасындағы бейбітшілік, жайлылық пен амандықтың символы іспеттес. Балаларыңыз сау, бақытты және сүйіспеншілікке бөленіп өссін. Үйлеріңізден сәбидің күлкісі кетпесін, ал дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін, - деді Ерлан Сұлтангереев.
Облыс бойынша Мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры Саида Сәдуақасова мен айтыскер ақын Жұлдыз Қожабекова да аналарға деген өз ізгі тілектерін жеткізді. Олар «Бесікке салу» дәстүрінің жай ғана салт емес, баланың денсаулығы мен ананың жан тыныштығына деген қамқорлықтың көрінісі екенін тілге тиек етті.
Айта кету керек, облыста наурыздың 15-нен 16-сына қараған түні он бес бала дүниеге келді. Сәбилер мен аналардың денсаулығы қалыпты.
Бақытты аналардың арасында 28 жастағы Айсара Қарамырза бар. Ол 16 наурызда таңғы сағат бесте үшінші сәбиін дүниеге әкелді.
Менің ұлым мен қызым бар, ал бүгін тағы бір батырдың анасы атандым. Екі үлкенім де бесікте өсті, өз басым оны дұрыс деп есептеймін. Бесікте жату сәби үшін өте ыңғайлы және жылы. Мұндай құнды сыйлық үшін алғысым шексіз, - деп қуанышымен бөлісті ол.
Жас ана Інжу Жолдыбайқызы тұңғыш қызы Сафураны дүниеге әкелді.
Дәрігерлер мен акушерлерге рахмет, бәрі ойдағыдай өтті. Менің бірінші нәрестемнің дүниеге келуіне орай осындай сыйлық алу өте тамаша. Бұл қамқорлық пен қолдаудың көрінісі, мен бұл әдемі дәстүрдің біздің отбасымызда жалғасатынына қуаныштымын, - деді Інжу.
Құттықтаулардан бөлек, жас аналарға денсаулық пен тәрбие тұрғысынан ежелгі дәстүрлердің пайдасы туралы кеңірек айтылды. Ұйымдастырушылар «Бесік тарту» халықтың бірлігін, жылуы мен қамқорлығын насихаттайтын игі дәстүрге айналатынына сенім білдірді.
Шаңырақ күні мерекесі отбасы құндылықтарын, ата-баба мұрасын құрметтеуді және дәстүрлерге ұқыпты қараудың маңыздылығын тағы бір еске салды. Өйткені, берік шаңырақ - болашақ ұрпақ үшін мықты іргетас.