Ақтөбе облысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі топқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Жадан Бисенбиннің айтуынша, 2022 жылдан бері өңірде бірнеше адам қылмыстық топ құрып, заңсыз ойын бизнесін жүргізген. Департамент мамандары полицейлермен бірлесіп, қылмыскерлерді ұстаған.
Ұсталған екі топтың бірі 2023-2024 жылдары ел аумағында заңсыз интернет-казино қызметін жүргізген. Олар қылмыстық схема құрып, ойын сайттарын жасаушылармен келісімшарт жасасқан, түрлі мессенджерлер арқылы ойыншыларды тартып, олардың қаражатын алған. Негізінен, заңсыз ойындар bm.bettinqmaq.xyz және sport-bk.life платформалары арқылы ұйымдастырылғаны анықталды. Осылайша олар жалпы сомасы 2 миллиард теңгеге жуық ақша тапқан, - дейді Жадан Бисенбин.
Оның айтуынша, екінші қылмыстық топ та дәл осындай ойын платформасын құрған. Атап айтсақ, slt1000.de платформасы арқылы заңсыз ойын бизнесін дамытып, ойыншылардың қаржысын қалтаға басқан. Тіпті, топ мүшелері WhatsApp және Telegram желілері арқылы құмар ойындарды белсенді түрде жарнамалаған. Нәтижесінде 375 миллион теңге пайда тапқан.
Қазір бұл екі қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты. Бірінші топтағы үш адам да, екінші топтағы төрт адам да Қылмыстық Кодекстің 307-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіллді. Бүгінде олар пробациялық бақылауға алынды, - дейді басқарма басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін аталған департамент 2022-2024 жылдары аралығында bingo37.pro платформасы арқылы заңсыз ойын бизнесін басқарғандарды ұстаған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.