Бұл туралы Исламбек Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрметті достар! Сіздермен тамаша хабармен бөліскім келеді. Ақтөбеге жұмыс сапары аясында ұлттық спорт жанашырларымен бас қосып, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Ақтөбе облысындағы филиалын ашу туралы шешім қабылдадық. Филиал басшылығына өңір әкімі, ұлт өнеріне, ұлттық спортқа жақын адам – Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов сайланды. Өздеріңіз білетіндей, Премьер-министр орынбасары қызметінде Ералы Лұқпанұлы ұлттық спортқа үлкен қолдау көрсетіп, талай игі істердің ұйытқысы болды. Тұңғыш облыстық қауымдастықтың батыс пен шығыстың тоғысқан жері – киелі Ақтөбе өңірінде құрылуының зор мәні бар. Ақтөбеліктердің ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятыны барша Қазақстанға белгілі. Аударыспақ, бәйге, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты спорт түрлерінен өтетін жарыстарда ақтөбелектер жүлделі орындарға ие болып жүр, – деді Салжанов.
Сондай-ақ ол тоғызқұмалақтың танымалдығы – қазақ ұлтының әлем өркениетіне қосқан үлесі екенін айтты.
Осы күндері Ақтөбе жерінде тоғызқұмалақ бойынша VI Әлем чемпионаты мәресіне жетті. Оған 20-дан астам елден келген 80 спортшы қатысты. Тоғызқұмалақтың мұндай танымалдығы – қазақ ұлтының әлем өркениетіне қосқан үлесі деп білемін. Чемпионатта тоғызқұмалақтың классикалық, блиц және рапид түрлері бойынша сайыстар өткізілді. Жалпы есепте Қазақстан спортшылары бірінші орынды еншіледі. Қырғызстан шеберлері де өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Жарыс өте тартысты өтті деп ойлаймын. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы атынан чемпионатты жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізгені үшін Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы президенті Әлихан Мұхамедияұлы Байменовке, және де бұл шараға жан-жақты қолдау көрсеткен облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжановқа алғыс білдіремін. Бүгін жүлделі болған ақыл-ойдың жеңімпаздарын құттықтаймын! Ал барлық қатысушыларға алдағы сынақтарда сәттілік тілеймін! – деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті.