Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбеде УЕФА талаптарына сай жаңа футбол стадионы салынуда

19 Қараша 2025, 13:57
547
Бөлісу:
 norma.uz
Фото: norma.uz

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында әлеуметтік саладағы негізгі жобаларды таныстырып, өңірдің әрі қарайғы даму перспективасы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкімнің айтуынша, Ақтөбе облысы халық денсаулығын нығайтуға және тұрғындарды бұқаралық спортқа тартуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайын жасауға ерекше назар аударылған.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бірегей спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Онда 25 спорт түрі бойынша жаттығулар жүргізіледі. Нысан Қазақстандағы инклюзивті стандарттарға бейімделген алғашқы кешендердің бірі болады және жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, – деді Асхат Шахаров.

Айта кетейік, ALAN жобасы аясында Ақтөбеде бюджеттен тыс қаржы есебінен футбол алаңы жаңартылды, ал Хромтау ауданында FIFA ARENA бағдарламасы бойынша заманауи мини-футбол стадионы ашылды.

Әкімнің сөзінше, футбол – ақтөбеліктер арасында ең танымал спорт түрлерінің бірі. Осыған байланысты өңірде спорт инфрақұрылымын кеңейту белсенді жүргізілуде. Облыс орталығында төртінші деңгейдегі УЕФА талаптарына сәйкес 35 мың орындық жаңа стадионның құрылысы басталды. Ол «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік орталығы аумағында салынуда.

Оның жанында 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешені құрылысы жүріп жатыр, ол қаланың спорт кластерін толықтырады.

Шахаров өңірдің әлеуметтік саясаты аясында мәдениет саласын дамыту да маңызды бағыт болып қала беретінін атап өтті.

Ақтөбеде жаңа заманауи драма театрының құрылысы басталды. Жобаға облыстық бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлінді, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Әкім барлық жобалар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және қоғамның сұранысына сай заманауи қалалық орта қалыптастыруға бағытталғанын ерекше атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы