Ақтөбеде сұйытылған газ қоры жеткілікті ме?

Бүгiн, 13:44
109
Бөлісу:
Ақтөбеде сұйытылған газ қоры жеткілікті ме?
Фото: автордан

Ақтөбеде газ бағасының көтерілуіне байланысты такси және газ жабдықтарын орнату қызметтерінің бағасы өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Такси жүргізушісі Айдын Мақсатұлының айтуынша, сұйытылған газ бағасының өсуі облыста такси қызметінің қымбаттауына әкелуде. 

 Осы айдан бастап қала ішінде такси қызметінің бағасы өсті. Оған себеп — газдың қымбаттауы. Қазір қалада бір литр газдың бағасы — 77 теңге. Одан бөлек, бензин бағасы да 1-2 теңгеге өсіп отыр. Сұйытылған газ қымбаттағалы газ қондырғысын орнататын орталықтар да қызмет құнын өсірген. Қай жағынан алсақ та қымбатшылық қысып барады, - дейді ол. 

Былтыр облыста сұйытылған газ тапшылығы байқалды. Жаз-күз айларында жүргізушілер сағаттап кезекке тұруға мәжбүр болды. Дегенмен қазір мұндай проблема жоқ. Дегенмен алдағы уақытта газ қорына қатысты тағы мәселе туындауы мүмкін. Осы орайда жүргізушілер газ қорына қатысты алаңдаушылықтарын жеткізді. 

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы сауда бөлімінің басшысы Нұрғалым Сағитжанның айтуынша, елімізде сұйытылған газ өндірісінің қазіргі құны тоннасына 65 мың теңгеден 75 мың теңгеге, ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 45 158 теңгеге дейін көтерілген. Биыл барлық өңірде газ бағасы қымбаттап отыр.

 Биыл ақпан айында газдың шекті көтерме бағасы тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін көтерілді. Атап айтсақ, Ақтөбе облысында газдың шекті бөлшек бағасы 30 пайызға, яғни 59 теңгеден 77 теңгеге, облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан аудандарда 64 теңгеден 82 теңгеге дейін өсті. Осы айда өңірімізге Энергетика министрлігі 11 820 тонна газ бөлді. Қазір облыста газ қоры жеткілікті, дегенмен алдағы айларда қанша бөлінетіні белгісіз, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы