Ақтөбеде қоғамдық орында дәрет сындырған азамат анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Нұрдәулет" сауда үйінің маңында белгісіз азамат қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, қоғамдық орында дәрет сындырған.
Аталған оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланып, қоғам тарапынан кеңінен талқыланды. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай әдепсіз әрекетке наразылық білдірген.
Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізген.
Құқық бұзушыға қатысты заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әсет Қалиев құқық бұзушымен профилактикалық әңгіме өткізіп, қоғамдық тәртіп пен адамгершілік нормаларын сақтау, сондай-ақ мұндай әрекеттердің заңмен жазаланатыны жөнінде түсіндірме жүргізді, - деп хабарлады Ақтөбе ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін полиция қызметкерлері баласын ауырып қалды деп әріптестерінен ақша жинап, Түркияда демалған алаяқ әйелді анықтаған болатын.